Семейде мыңға жуық бала оқу құралдарымен қамтылады
Семейде «Мектепке жол» акциясы аясында мыңға жуық бала оқу құралдары және мектеп формасымен қамтылады.
Абай облыстық Достық үйінің ұйымдастыруымен 350 оқушыға сөмкелер мен оқуға қажетті жабдықтар берілді. Акцияның өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болды. Айтулы шара Абай облысының қала-аудандарында өтеді.
Балжан Болатқазиева – 7 баланың анасы. Биыл 5 баласы мектепке барады. Көпбалалы ана әр баланы даярлауға жыл сайын шамамен 100 мың теңге кететін айтты. «Ал «Мектепке жол» акциясы – бүлдіршіндер үшін үлкен қолдау» – дейді.
Балжан Болатқазиева, көпбалалы ана:
- «Мектепке жол» акциясына шақырғандарыңызға рақмет. Біз үшін бұл деген – үлкен көмек. Әйтпесе бір баланың өзіне 80-100 мыңдай ақша керек. Рақмет, барлығына қуаныштымын. Осы акцияға бірінші рет келіп тұрмын биыл.
Акция аясында әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасы санатындағы мыңға жуық бала мектеп сөмкелері және оқу құралдарымен қамтылады. Оның ішінде Үржар, Мақаншы аудандары мен Аягөз, Курчатов қаласының оқушылары бар. Игі бастамаға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестік төрағалары мен өкілдері және жергілікті әкімдік қолдау көрсетті. Айтулы шара қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
Айым Рысбек, «Қоғамдық келісім» орталығының маманы:
- Балаларды сабаққа даярлау үшін әртүрлі жарақтар бар, дәптер деген сияқты. Яғни, бұл шараның мақсаты – оқушыларды жаңа оқу жылына даярлау. Аз қамтылған көпбалалы отбасыларға осылай қол ұшын көрсету деген сияқты.
«Мектепке жол» акциясына «Аналар кеңесі» мен «Ақсақалдар кеңесі» қатысты. Аға буын өкілдері арнайы әзірлеген сыйлықтарын оқушыларға табыстап, алдағы оқу жылына сәттілік тіледі.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.