Қостанай облысындағы газ шаруашылықтары жылу беру маусымына дайын

Қостанай облысындағы газ шаруашылықтары алдағы жылыту маусымына толық дайын, деп хабарлайды 24kz.

Алдағы жылыту маусымына дайындық өткен жылыту маусымы аяқтала сала, наурыз айында басталып, мерзімінен бұрын аяқталып келеді. Бұл жұмыстар «QazaqGaz» ұлттық компаниясы басшылығының ерекше бақылауында болды.

«QazaqGaz Aimaq» мамандары Қостанай облысындағы негізгі газ тораптары мен қондырғыларын толық тексерістен өткізіп, кезекті техникалық жөндеу жұмыстарын аяқтады. Бұл жұмыстар облыстағы 190 мыңнан астам тұрмыстық тұтынушы мен 2,5 мыңға жуық коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік кәсіпорындарды газбен тұрақты әрі үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Бауыржан Асқаров, «QazaqGaz Aimaq» АҚ бас директоры:

- Қазақстан бойынша жасалған жұмысымызды айтатын болсақ, күзгі, қысқы маусымға дайындығымыз 97%-тен артып тұр. Негізгі жоспарымыз – 1 қыркүйекке дейін Қазақстан бойынша осы дайындық жұмыстарымызды түгелдей жүз пайыз бітіру.

Жылыту маусымына дайындықты мерзімінен бұрын аяқтау үшін газ тарату желісінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. «QazaqGaz Aimaq» Қостанай өндірістік филиалы мамандарының айтуынша, ескі жабдықтар жаңаратылып, айналма газ құбырлары тартылған. Пайдалану мерзімі қырық жылдан асқан бұрандалар ауыстырылды. Бұл газ бағытын тиімді реттеп отыруға мүмкіндік береді.

Андрей Неверов, «QazaqGaz Aimaq» Қостанай облыстық филиалының бас инженері:

- Биыл біз газ ағынын тоқтататын бекіту бұрандаларын ауыстыру арқалы көгілдір отын беру қондырғысын қалыпқа келтірдік. Қаладағы екінші және үшінші газ тарату станциялары бір-бірімен қос жағынан байланысқан.  Соның бірінде ақау пайда болса, бекіту бұрандасын жауып, екінші бағытпен жібереміз.

Газ құбырларын коррозиядан қорғау жұмыстары да уақытында орындалған. Биылғы жылы жүйенің үздіксіз жұмысын қамтасыз ету үшін 16 катодты қорғаныс станциясы ауыстырылды. Сондай-ақ жылыту маусымының басталуы қарсаңында «QazaqGaz Aimaq» мамандары қазақстандықтарды газды ұқыпты тұтынуға шақырады.

Авторлары: Мағауия Калиев, Ермек Мұхамедияров