Биыл Ақмола облысында 500 шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр

Оған бюджеттен 71 млрд.теңге бөлінді, деп хабарлайды 24kz.

Қалаға шалғай орналасқан аудан мен ауылішілік жолдар жаңғыртылады. Сондай-ақ облыс орталығындағы 40 шақырымға жуық көшелер жөнделіп жатыр.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Көкшетаудағы жолдың жалпы ұзындығы – 268 шақырым. Қазір соның 186 шақырымына асфальт төселді. Жалпы жыл сайын қалада орталық көшелер ғана жөндеуден өтетін. Ал, биыл қала іргесіндегі шағын аудандардың жолдары қалыпқа келтіріле бастады.

Әділет Рақымжанов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Былтыр біз шамамен 32 шақырымды жолды жөндесек, биылғы меже 40 шақырымнан асады. Біз өткен жылы басымдықты қаланың орталық көшелеріне бергенбіз. Ал, осы жылы шаһардың шеткі аумақтарын қамтуға тырысып жатырмыз. Яғни, шанхай, бейбітшілік, құлагер шағын аудандарының жолын қалыпқа келтірілді. Сондай-ақ 38 көшеге қиыршық тас төселді.

Биыл өңірде 500 шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр. Жыл сайынғы жоспар ауқымы кеңейіп келеді. Сәйкесінше, мемлекеттен көрсетілетін қолдау мен қаржы көлемі де артқан. Жолдың ұзындығына емес, сапасына баса көңіл бөлініп отыр.

Владимир Кулаков, Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысы:

- Астананың маңайындағы ауылдарға көп жобалар әзірленуде. Олар жаңағы Қосшы қаласында, Талапкер, Қараөткел, Тайтөбе ауылдарында. Сондай-ақ дұрыс материалды тексеру үшін жол активтері сапасының ұлттық орталығы дейміз ғой, солармен 215 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Олар қиыршықтас пен асфальт бетонның сапасын тексеруде.

Өңірде көктемгі тасқын кезінде су шайған 15 жол учаскесі де қалпына келтірілді. Ол үшін Үкімет резервінен 5 миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Ал, тасқын салдарынан бұзылған 3 көпірді жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкарнко