Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды
Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды 24kz.
Дәстүрге айналған жобаға биыл 183 өтініш түсіп, 20 отбасы іріктеуден өтіп, үздік деп танылды. Барлығы да ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын ұстанып келе жатқан еңбек адамдары.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы. Ғибратқа толы ғұмыр иелерін дәріптеуді мақсат еткен жоба осымен 11-жыл қатарынан өткізілді. Қатысушылар да жыл санап артып келеді. Аудандық іріктеуден өткен үздіктерді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтап, ұлттық байқаудың мән-маңызын жеткізді.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
- Қазақ «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» дейді. Осы тұрғыда жалпы біздің мемлекеттігімізді сақтаймыз десек, «Отан отбасынан басталады» деген қағиданы басты назарға ұстайтын болсақ, біздің Қазақстандағы әр отбасымыз мықты болуы керек.
Іріктеу кезеңінен өткен жиырма жанұя да жеңіске лайық. Байқауға төрелік еткен қазылардың бағасы осындай. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар мен алғыс хат табысталды.
Сабира Байзақова, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы:
- Шымкент қаласында ерекше отбасылар өте көп болды. Енді ол жерде комиссия болды. Әртүрлі сала адамдары өз пікірін айтты. Баллдық шкала бойынша есептелді.
Ал Шымкент қаласының атынан республикалық байқауға Сыдықовтар әулеті жолдама алды. 8 перзент, 26 немере, 8 шөбере тараған отбасында ұлттық дәстүр дәріптеліп, салауатты өмір салты сақталып, білім көкжиегіне қол созған жандар тұрады.
Анарбай Сыдықов, қалалық «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының жеңімпазы:
- Ынтымақ болу керек. Біз енді атасы мен әжесі екеуміз отандасқанымызға қазір 48 жыл болып жатыр. Балаларымыздың барлығын, немерелерімізді соған тәрбиелеп, қазақтың салт-дәстүрлеріне тәрбиелеумен өсіп келе жатқан жандармыз.
Республикалық кезеңге жолдама алған отбасыға қаржылай сыйақы берілді. Қала билігі үлгілі әулетке үміт артып, аймақ абыройын асыруға сәттілік тіледі.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы