Түркістан облысының білім саласына 20 инновациялық жоба енгізіледі
Биыл Түркістан облысының білім саласына 20 пилоттық инновациялық жоба енгізіледі, деп хабарлайды 24kz.
Білім саласын сандық жүйеге көшіру, цифрлық сауаттылықты арттыру, білім беруде жасанды интеллектті қолдануға бағытталған жобалар «Digital Kazakhstan: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде көпшілік назарына ұсынылды.
Облыстағы мұғалімдердің басын қосқан алқалы жиында «Инновациялық жобалардың» көрмесі ұйымдастырылды. Онда өңірдегі білім саласына енгізілетін жаңа жобалар таныстырылды. Мамандар балалардың мультимедиялық форматта білімін жетілдіретін жаңашылдықтар мұғалімдердің де кәсіби біліктілігін артыруға сеп болатынын айтады. Сол арқылы балалардың сабаққа деген қызығушылығын арттырмақ.
Жандос Махамбетов, облыстық білім басқармасы басшысының м.а.:
- Біз 20 жоба енгізіп отырмыз Түркістан облысының білім саласына. Matatalab деген арнайы инновациялық жобалардың авторлары бар, сол жобалармен және «Годе плей» деген жобаларды енгіздік. Уақытты тиімді пайдалану мақсатында цифрлық жаңа жобалар арқылы балаларды қызықтыра отырып, білімге тартуымыз қажет.
Былтыр өңірдегі білім беру ұйымдарында «Е- асхана», «Е-Кітапхана», «BilimLand», «Face ID» сынды автоматтандырылған жүйелер пилоттық жоба ретінде оң нәтижесін берді. Кеңеске қатысушылар жаңашылдық – заман талабы екенін атап өтті. Жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды енді үздік мұғалімдер басшылық қызметке конкурссыз тағайындалатынын, ол үшін 150 адамнан тұратын кадрлық резерв жасақталып жатқанын жеткізді. Одан бөлек, құрылыс саласындағы жобаларға тоқталды.
Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:
- Сонымен қатар биыл облыстағы 4 апатты және 5 үш ауысымды мектептердің мәселесі толығымен шешіледі. Биыл облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Онда 14 мың оқушы білім алатын болады. Биыл үнемделген қаражат есебінен 350-ге жуық білім беру ұйымына жөндеу және табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Жиын соңында аймақ басшысы 10 ұстазға Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісін табыстады. 10 мұғалім облыс әкімінің марапатына ие болды.
Айта кетейік, жаңа оқу жылынан бастап өңірдегі жалпы білім беретін мектептерде 1-сынып оқушыларына «Шахмат негіздері» пәні оқытылатын болады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов