Ақтөбеде мұнайшылар марапатталды
Биыл Қазақстанның мұнай өнеркәсібіне 125 жыл толды. Айтулы мереке «қара алтынға» толы қазыналы өлкелердің бірі Ақтөбеде жалғасты.
Салтанатты шараға өңір басшысы Асхат Шахаров пен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов, энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек қатысып, еңбегі еленген мамандарға мерейтойлық төсбелгілер мен алғыс хаттар табыстады. Тақырыпты тілшіміз толықтырады.
Қазақстанның мұнай өндіру тарихы Қарашүңгіл жеріндегі нөмірі 7-ші ұңғымадан басталғаны баршаға аян. Ал бүгінде ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы елімізде өндірілетін мұнай-газ көлемінің 26%-на ие. Мердігер ұйымдардағы қызметкерлерді қоса алғанда 80 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Компаниялар тобына қарасты әрбір мекеме маманы ел экономикасының қарыштап дамуына зор үлес қосып келеді.
Тарас Көпенов, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС газ дайындау және өңдеу цехының басшысы:
Сұйытылған техникалық пропан, бутан газы сосын халыққа товарлық газ беріп жатырмыз. Соның барлығы біздің экономикамызға әсер етеді. Бұрын көмір жағып отырған ауылдардың барлығына қазір көгілдір газ барып жатыр. Соның да бір себебі деп ойлаймын.
Мұнай-газ компаниялары түрлі әлеуметтік бағдарлама мен жобаларды да жүзеге асырып отыр. Мәселен «Қазақойл Ақтөбе» серіктестігі Мұғалжар ауданындағы Жаркемер ауылына газ жүргізсе, келер жылы Қожасай елді мекеніне жол құрылысын қаржыландырады. «Қазақтүрікмұнай» мекемесі Байғанин ауданының Жарқамыс ауылы тұрғындарын көгілдір отынмен тегін қамтамасыз етеді. «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамының басшысы Асхат Хасенов «Мұнайшылардың еңбегі елдің энергетикалық әлеуетін дамытып қана қоймай, өңірлердің әл-ауқатын жақсартуға ықпал еткенін айтып, ардагерлерге алғысын білдірді.
Сәлім Ізімбетов, ардагер мұнайшы:
Бұл той мұнайшылардың мерекесі. Қазақстандық мұнайшылар өзінің ауыр, қиын жұмысын өзінің кішкентай иығында көтеріп алып келе жатыр. Мұнай өндіріп жатырмыз. ОПЕК-ке кіретіндермен артында қалмай келе жатырмыз. Біз қуаныштымыз мұнайшылар. Қазақстанның экономикасы осылай өсіп жатқанына.
Қазақ мұнайының 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара Атырау мен Ақтау қалаларында жалғасады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов