Қызылордада «Мерейлі отбасы» жобасының облыстық кезеңі мәресіне жетті

Қызылордада республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңнің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды 24kz.

Өмірі өнегеге толы әулет мүшелерін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы дипломмен және қаржылай сыйлықпен марапаттады.

Елімізде «Мерейлі отбасы» байқауы 10 жылдан бері үздіксіз өтіп келеді. Отбасылық құндылықтарды сақтай білген, тірлігі мен бірлігі жарасқан шаңырақтардың жетістігін арнайы комиссия саралайды. «Қызылорда облысында да өнегелі өмір жолын үлгі етер әулет аз емес. Оларды дәріптеу біздің ортақ парызымыз», - деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев салтанатты шарада.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Облысымызда отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсуде.

Облыстық кезеңде 12 отбасы «Ұлағат», «Ынтымақ», «Береке» секілді аталымдар бойынша маратталды. Үшінші орын Есекеевтер отбасына берілсе, Жарқынбековтар екінші орынды иеленді. Бірінші орынға Мырзабаевтар отбасы лайық деп танылды. Ал бас жүлдені Бектаевтар отбасы жеңіп алды. Оларға «Мерейлі отбасы» байқауының республикалық кезеңіне жолдама табысталды.

Сәнімкүл Әшірбекова, облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

- Отағасы совхозда механизатор болып жұмыс істеп, 1957 жылы бас қостық. Қазір 67 жыл болды. Содан бері совхозда еңбек етіп, осындай дәрежеге жеткізгендерге рақмет айтамын.

Аймақта 17 мыңнан астам алтын және күміс алқа иелері бар. Сонымен қатар 34 мыңға жуық көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан тиісті қолдау мен көмек жасалып отыр. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған жобалар жалғасын таба бермек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев