Оралда ерекше форматтағы бос орындар жәрмеңкесі өтті

Оралда әр тоқсан сайын өткізілетін еңбек жәрмеңкесі бүгін ерекше форматта өтті.

«Талпын» мүмкіндіктер алаңы» атты шарада жұртшылыққа бос жұмыс орындары ұсынылып қана қоймай, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, «Бір ауыл-бір өнім» жобасына қатысушылар мен қайтарымсыз грант иегерлерінің өнімдері таныстырылды.

Дина Нұрпейісова көшесінде, ашық аспан астында өткен бүгінгі еңбек жәрмеңкесіне келушілердің қарасы қалың. Оларға бос жұмыс орындары ұсынылып қана қоймай, жұмыссыздықты жоюға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері таныстырылды.

Бақытжан Нарымбетов, облыс әкімінің орынбасары:

- Балықтан бөлек қармақты да ұсынып отырмыз. Егер өз кәсібімді ашам десең, міне мемлекет тарапынан қандай қолдау тетіктері бар. Сосын әдетте вакансиялар жәрмеңкесі өтеді. Ол жерде тек жұмыс іздейді. Бұл жерде жұмыстан бөлек, шағын, орта бизнес ашуға қандай мүмкіндіктер бар, соны көрсетіп отырмыз. 

Ресми орындардың мәліметіне сенсек, облыста жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды.

Сағи Баймұқанов, облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры:

- Басты себебі -жұмыссыздықтың бізде қажетті мамандықтар, ннженерлер құрылысшылар, қарапайым жұмысшы мамандықтары, «Д» санатты жүргізушілер жетіспейді. Осының бәрін ұсынып отырмыз.

Жұмыссыздықтың басты себебі - еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың сәйкес келмеуі. Осы олқылықтың орнын толтыру - түрлі мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты. Мәселен аграрлық университет түлегі Жанаргүл Мәуленова өз мамандығымен жұмыс таба алмапты. Қазір жастар тәжірибесі бағдарламасы  бойынша жастар ресурстық орталығына орналасыпты.

Жанаргүл Мәуленова, қала тұрғыны:

- Қазіргі кезде жастар тәжірибесі жұмыссыз жүрген, енді оқуын бітірген мамандарға үлкен мүмкіндік береді. Тәжірибе жинауға.

Жәрмеңке барысында 50-ден астам мекеме-ұйым 700-дей жұмыс орнын ұсынды.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов