Шымкент қазақ драма театрына 95 жыл толды

Биыл Шымкенттегі академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығы тойланатын болды.

Тарихшылардың зерттеуінен кейін Жұмат Шанин атындағы мәдениет ордасының шежіресі тағы 5 жылға тереңдеп, осындай тоқтам жасалды. Мерейлі мерекеге орай халықаралық фестиваль ұйымдастырылып, орта Азия елдерінен театр ұжымдары шақыртылады.

Мәдениет майталмандарының көптен бері көтеріп келген мәселесіне бүгін нүкте қойылды. Тарихшылар мен зерттеуге қатысқан қазақ драма театрының ұжымы архивтен табылған құнды құжаттарды таныстырды. Мұнда 1926 жылы оқу бағдарламасы түзіліп, театр әртістерін даярлау туралы дәлелді дәйектер жинақталған. 

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

- Театрға еңбегі сіңген апаларымыздың, аталарымыздың арманы болған дүние екен. Ол кісілерде Шымкенттегі қазақ драма театрының тарихы 1934 жылдан емес одан әріде басталатындығын осыған дейін айтып келген екен. Сондықтан сол әділеттілікті қалпына келтіргіміз келді.

Тарихи әділдік жолында 1930 жылы газет беттерінде жарық көрген хабарлама табылды. Онда жаңа маусымның ашылғаны туралы жазылып, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларына негізделген пьесалар таныстырылған. Жиында бұған қоса жеделхаттар көрсетіліп, билік басындағылардың қазақ театрын қолдағаны айтылды. 

Сая Қасымбек, қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының бөлім меңгерушісі

- 1929 жылғы біздің обком сол кездегі қазақ театрының жағдайы қарастырылып, 20 мың рубль қазақ театрларының пәрменділігін арттыру үшін бөлінсін деген құжаттарымыз бар. 1932 жылғы Березшуктың жеделхаттарына дейін қолымызда бар. 

Табылған құжаттар Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының музейін толықтырмақ. Қазір мұнда мәдениет ордасының тыныс- тіршілігімен танысып, тарихи жәдігерлерді көруге болады. 

Қымбат Молдиева, театр музейінің меңгерушісі:

- Алғашқы жұмыс істеп кеткен әртістер жөнінде, олардың кейбірінің киімдері, спектакльдегі суреттерін, алғашқы афишалар бар. Бағдарламалар бар. 

Қазақ драма театрының 95 жылдығына орай қараша айында халықаралық фестиваль өтеді. Іс - шараға Орта Азия елдерінен театр ұжымдары қатысып, мәдени мереке апта бойы тойланбақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы