Ақтауда Қазақстан мұнайына 125 жыл толу мерекесіне орай салтанатты шара өтті
Ақтауда Қазақстан мұнайына 125 жыл толу мерекесіна орай салтанатты шара өтті.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асхат Хасенов сала ардагерлері мен қызметкерлерін марапаттап, әріптестерінің атқарып жатқан қажырлы еңбегіне ризашылығын білдірді.
Салтанатты шараға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарасты «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай», «Қазақтеңізкөлікфлоты» секілді кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Қара алтын, көгілдір отын өндіруде ерен еңбегімен көзге түскен азаматтар марапатталды. Ардагер мұнайшылар да сый-құрметтен қалыс қалған жоқ. Қалмұқан Таужанов мұнай саласында 43 жыл еңбек етіпті. Тең жартысы «Қаражанбас» кенорнында өткенін есіне алды.
Қалмұқан Таужанов сала ардагері:
- Өте қиын шаруа. Аязға, күннің ыстық суығына қарамайсың. Яғни бұл үзіліссіз жұмыс істейтін қондырғылар. Әриене, мұның бәріне шыдайтын өз жұмысына берілген адамдар болу керек.
«ҚазМұнайГаз» өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға сүбелі үлес қосып келеді. Соңғы жылдары ауыз су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған бірнеше жобаны іске қосты. Айталық, Қаражанбас кен орнында тұшыту зауыты толық қуатына шықты. Қазір тәулігіне 17 мың текше метр су өндіреді. Артылған Еділ суы елдімекендерге жіберілуде. Сондай-ақ Кендірлі ауылында теңіз суын тұшытатын зауыт бой көтеріп келеді. Жоба Жаңаөзен халқын тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді.
Асхат Хасенов, "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы:
- Тәуелсіздік алғаннан бастап мұнай өндіру деңгейі төрт есеге өсті. Яғни 90 млн тоннаға жетті. Соның ішінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының үлесі 26 пайыз. Егер жалпы айтатын болсақ, елімізде қазір 200-ден астам мұнай-газ кенорындары бар. Осылардың барлығы қажырлы еңбектің арқасында.
Ұлттық компанияның Маңғыстау облысындағы кәсіпорындары ауыл-ауданда мәдениет үйі, медицина және спорт кешені, мектеп, балабақшаларды салып жатыр. Осылайша мұнайшылардың әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді атсалысуына көпшілік риза.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев