БҚО-дағы Аңқаты ауылында 23 отбасы қоныстойын тойлады
Батыс Қазақстан облысында да су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар жаңа баспанамен қамтылып жатыр.
Бүгін Теректі ауданы Аңқаты ауылында 23 отбасы қоныстойын тойлады. Нөсер жауын мен күннің күрт жылынуы салдарынан наурыздың аяғында мұнда 38 үй суға кеткен болатын.
Апат айтып келмейді. Қырдан құйылған қызылсу көктемде аңқатылықтарды біраз әбігерге салды. Ойпаңда орналасқан шеткі көшелер түгел суға кетті. Су басқан 38 үйдің 23-і жарамсыз деп танылып, мамырдың ортасында жаңа үйлердің алғашқы қадасы қағылды. Қыркүйекке дейін қоныстойын тойлайсыңдар дегенде көпшіліктің күмәнданғаны рас. Алайда, міне, қысқа мерзімде құрылыс аяқталып, бүгін тұрғындар баспана кілтіне ие болды.
Дараш Мұқанова, Аңқаты ауылының тұрғыны:
- Міне, жаңа үйлерді беріп жатыр. Біршама қиыншылықтан өттік. Осы күнге шейін үйімізге қона алмай, кейбіреулердің малы кетті, бүкіл үйдегі затымыз кетті, мысалға. Бірақ әйтеуір далаға қалдырмай, бізге көмек көрсетті, тіпті Қазақстанның бәрі көмектесті деуге болады.
Тасқын судан зардап шеккен аңқатылықтарды баспанамен қамтуға «Жайықмұнай» компаниясы көмек көрсетіпті. 23 үйдің құрылысына жарты миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бүгін салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев демеушілер мен мердігерлерге тұрғындар атынан алғыс айтып, жұртшылықты қуанышымен құттықтады.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Теректі ауданында 130 үй жарамсыз болып қалған. Сол тұрғындарымызға Аңқатыда 23-і, қалғаны Подстепныйда салынып жатыр. Бүгінгі күні Аңқатыда 23 үйдің бәрін толық тапсырдық. Мемлекет басшысының тапсырмасы. Мынау баспанасы жарамсыз болып қалған тұрғындарға көмек көрсету жөнінде тиісті тапсырма берген болатын. Үкіметтің қолдауымен біз осы тапсырманы толықтай орындап жатырмыз.
Тасқыннан зардап шеккендерге деп Орал өңірінде 775 жаңа үйдің құрылысы басталған еді. Қыркүйектің 1-не дейін ол үйлердің барлығы да пайдалануға берілмек.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.