Жаңақорғанда әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар қолданысқа берілді.
Конституция күніне орайластырылған шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
Төменарық ауылының тұрғындары енді тонналап отын тасымайды. От жағып, күл шығару бейнетінен де құтылды. 4,5 мың тұрғыны бар елді мекенге табиғи газ берілді. Былтыр басталған жоба мерзімінде аяқталып, ауылдықтардың басты арманы орындалды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Биылғы жылы өңірімізді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге 30 миллиард теңгенің үстінде қаражат бөлінді. Міне, соның 2 млрд 200 млн теңгесі осы Төменарық ауылына бөлініп, бүгін жоба аяқталып, елдің қуанышын еселегелі тұр. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады. Осы жылы елді көгілдір отынын қамту көрсеткішін біз 78%-ке жеткіземіз.
Жаңақорған ауданында балаларға арналған Оңалту орталығы ашылды. Облыстық бюджет есебінен ескі аурухана ғимараты қайта жаңғыртылып, орталықты толық жабдықтауға «Қазақстан халқына» қорынан қомақты қаржы бөлінген.
Мөлдір Ерқабылова, Оңалту орталығының бөлім меңгерушісі:
- Жылына 600 балаға оңалту көмегі көрсетіледі деп жоспарланып отыр. Барлық 18 жасқа дейінгі балалар МӘМС жүйесімен тегін ем ала алады.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Жаңақорған кентіндегі 400 орынды жекеменшік мектептің ашылу салтанатына да қатысты. Сонымен қатар Байкенже ауылында 60 жыл бұрын салынған ескі мектептің орнына 150 орындық жаңа оқу ошағы пайдалануға берілді. Үшқабатты ғимарат балалардың сапалы білім алуына лайықты жабдықталған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев.