Қостанайда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды

Қостанайда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің қорытындысы шығарылды.

Бұл жолғы байқауда 94 отбасы бақ сынады. Солардың ішінен бірнеше аталым бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға салтанатты жағдайда сый-сияпат тапсырылды.

Рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын шуақты шара өңірде осымен 11-ші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Осы аралықта бұл байқауға 900 отбасы қатысқан. Әр әулеттің дарын, дағдысын кеңірек ашып көрсету үшін байқаудың шарт-талабы толығып, жаңарып отырады.

Әсел Құлмағанбет, Қостанай облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Биылғы жылы «Мерейлі отбасы» деген номинация ғана емес, сонымен қатар «Қайсар отбасы», «Спортты отбасы», «Дәстүрлі отбасы», «Өнерлі отбасы» номинациялары қосылды. Яғни, бұған дейінгі жылдарда бізде тек қана «Мерейлі отбасы», тек бір ғана отбасын марапаттап, қалғандарына қатысқаны үшін жүлде берсек, биыл біз арнайы 4 номинация жаңадан тағайындап отырмыз.

Бейімбет Майлин ауданынан келген Хасеновтар отбасы «Дәстүрлі отбасы» аталымының жеміпазы деп танылды. Байбол мен Гүлнәрдің 5 баласы бар. Оның екеуі асыранды. Темірлан, Әйгерім деген есім берілген сол 2 баланың ұлты украин болса да, қазақы дәстүрде тәрбиеленген.

Гүлнәр Хасенова, «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушы:

- Балалардың тілін дамыту үшін Абайдың өлеңдерін үйреттім. Ұлым менің Абай өлеңдерінен 70 өлең біледі. Біз аудандық, облыстық, республикаға  дейін бардық. Әйгерім деген қызым 50 өлең біледі. Тағы 4 қара сөзін біледі. Менің ол қызым да – облыстық, республикалық жүлдегер.

Ал «Мерейлі отбасы» облыстық кезеңінің бас жүлдесін Лисаков қаласынан Шукуровтар отбасы иеленді. «Базарлы үй» үй атауына әбден лайық шаңырақта 55 бала бар. Оның үшеуі ғана өз туғандары, қалғаны – асыранды. Бүгінде солардың алдыңғы легі ер жетіп, еңбек етіп жатса, кенжесі небәрі 4 жаста. Жылуы мол осындай жанұяны «Мерейлі отбасы» байқауы облыстық кезеңінің жеңімпазы деп танығанда көпшілік қуана қабылдады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.