Qarmet компаниясының кеншілері 1 млн тонна көмір өндірді

Qarmet компаниясының Ленин атындағы шахтасы 2024 жылы алғаш болып 1 миллион тонна көмір өндірді.

Осылайша, қарағандылық кеншілер Конституция күні қарсаңында ел экономикасына тамаша тарту жасады..

Қарағандыда 8 көмір шахтасы бар. Соның ішінен Ленин кенішінің жұмысшылары 26 тамыз күні 1 миллионыншы тонна көмірді қыр басына шығарды. Бұл айтулы көрсеткіш – кеншілерінің қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігінің жемісі. «Өндірістегі осынау тарихи жетістікке үлес қосқанымды мақтан тұтамын», – дейді шахтер Ұлан Аманжол.

Ұлан Аманжол, кенші:

- Осы көмір саласында жұмыс істеп жүргеніме 8 жыл болды. 3 жыл осы өндіріс учаскесінде. 8 шахтаның арасында алғашқы болып миллион тонна көмір бергенімізге өте қуаныштымын. Мақтанамын.

Шахтадағы қос лавада өндірілетін қара алтын негізінен Qarmet компаниясының болат өндірісіне қолданылады. «Металлургия үшін маңызды отынды мол етіп өндірген кеншілердің еңбегі ерен», – дейді шахта директоры Валерий Хан. Ұзақ жылдар осы салада еңбек еткен тәжірибелі басшы қазір кеніштерде өндірістік қауіпсіздікке баса мән беріліп, жатқанын айтады. Мысалы, мұнда көмір департаментінің диспетчерлік-талдау орталығына қосылатын жаңа позициялау жүйесі енгізіліп жатыр.

Валерий Хан, Ленин шахтасының директоры:

- Шахтада диспетчерлік-талдау орталығымен байланысатын позициялау жүйесі орнатылып жатыр. Бұл – әр кеншінің жер астында қай аумақта, не істеп жүргенін жекелей бақылауға мүмкіндік беретін бірегей жүйе. Қазір инженерлік желілері 50% тартылды.

Компания шахтаны жаңартуға инвестиция салуды жалғастырып жатыр және кеншілердің еңбек жағдайларын жақсартуға ерекше мән береді. 2028 жылға қарай өңірдегі 8 шахта жылына 9 миллион тонна көмір өндіруді жоспарлап отыр.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.