Шымкентте бірқатар стратегиялық нысан мемлекетке қайтарылады

Шымкентте жекешеленіп кеткен стратегиялық маңызы бар нысандар мемлекет иелігіне қайтарылатын болды.

Қала билігі комиссия шешіміне сүйеніп, сумен жабдықтау және бұру нысандарын сот арқылы коммуналдық меншікке алмақ. «Бұл ауызсу мен кәріз жүйесінің тарифін реттеп, сарқынды суды мейлінше тазартуға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.

Шымкентте ауызсу жүйелерінің 22,8% ғана мемлекет меншігінде. Қалған 4 су жинақтау орны мен оны тазарту қондырғысы 1998 жылға дейін жекенің басқаруына өтіп кеткен. Салдарынан су тарифі Астанамен салыстырғанда 1,5 есе қамбаттап, 97 теңгеге жеткен. «Ал сарқынды суды өңдеуден өткізіп, техникалық мақсатта қайта пайдалану мүмкін болмай тұр», – дейді мамандар. Сондықтан монополияға қарсы құрылған комиссияның шешімімен стратегиялық нысандар қайтарылатын болды.

Айдын Кәрімов, қала әкімінің орынбасары:

- Монополизацияға қарсы комиссияның шешімі мен тапсырмасына сәйкес бірқатар іс-шара жүргізіліп жатыр. Тариф қайта қаралады. Өйткені инвест жобасы да өзгертіледі. Азайту жағын да біз қараймыз. Біраз 3 жылдықта 5 жылдықта тарифтің өспеуі де қаралады.

Биыл қала аумағы толықтай таза ауызсумен қамтылады. Құрсайдағы құрылыс пен Бозарыққа құбыр тарту жұмыстары аяқталса көрсеткіш 100% жетеді деп жоспарланып отыр. Бюджеттен бұл мақсатқа 5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

Ризабек Меңдіқұлов, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда бізде енді қалғаны – Құрсай. Жалпы оны «сақалды» құрылыс дейміз. Бірақ осы жылы Құрсайды бітіреміз. Тағы «новостройка» бар. Олар да қалмайды. Сумен қамтылады. Ағымдағы жылы Шымкент қаласын 100% қамту керек.

Биыл Шымкентте жекенің меншігіне заңсыз берілген тағы бірнеше нысан мемлекетке қайтарылды. Нарықтағы құнынан 8 есе арзанға бағаланған «Мұз сарайын» сатып алу шартының күші сот шешімімен жойылды. Сонымен қатар көпшілікке арналған «Кең баба» саябығының жері де мемлекет иелігіне өтті.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы.