Түркістанда «Айбары мықты – Ата Заң» мерекелік іс-шарасы өтті

Түркістан облысында қуаттылығы 1860 МВт болатын 4 стансының құрылысы жүріп жатыр.

Олар Сайрам, Түлкібас, Сауран аудандары мен Кентау қаласында жүзеге асырылады. Оның барлығы толық іске қосылғанда жаңа өнеркәсіп көздерін ашуға қажетті электр қуатымен қамтамасыз етеді. Бұл туралы Конституция күніне арналған «Айбары мықты – Ата Заң» атты мерекелік іс-шарада айтылды.

Салтанатты жиынға Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен өнер саласының майталмандары, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамдық ұйым мүшелері қатысты. Жиында өңір басшысы Дархан Сатыбалды бұл мерекенің тарихи маңызы зор әрі еліміздің еркіндігі мен тұрақтылығының символы екенін атап өтті. Одан кейін өңірдегі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.

Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:

- Сауран ауданында 100 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік парк жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жерде 160 өндірістік ғимарат салынып, 100 астам инвестициялық жоба іске қосылады. Нәтижесінде 5000 жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда парк аумағында жиһаз фабрикасы іске қосылды, жаңбырлатып суару қондырғылары өндірісі ашылды, сусын, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар қолданысқа берілді.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы алдағы уақытта дрон, бейнекамера, медициналық жиһаз және тұрмыстық химиялық өнімдер өзімізде шығарылатынын жеткізді. Мерекелік жиында 14 адамға облыстың «Құрметті азаматы» атағы берілді. Оның ішінде облыстың бұрынғы басшысы Өмірзақ Шөкеев те бар.

Өмірзақ Шөкеев, қоғам қайраткері:

- 3,5 жыл осы жерде қарқынды жұмыс болды. Оның ішінде біздің әкімшілік қызметкерлері, құрылысшылар, коммуналдық қызметкерлері – бәрі жұмылып, жұмыс істеді. Мыңдаған адам бір сәтте 200-250 нысанды көрету ол, әрине, әркімнің тағдырына беріле бермейтін бақ деп ойлаймын. Сол еңбегімізді ескеріп, халық қолдап, осындай жоғары атақ беріп жатқанына мен дән ризамын.

Сонымен қатар облыстың дамуына өз үлесін қосқан құрылыс пен өндіріс саласының ардагерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.