ҚР ҰБ: Базалық мөлшерлеме 14,25% деңгейінде қалды

Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме деңгейін сақтап қалды.

Нақты деректерді талдап, тәуекелдер балансын ескерген Ақша-кредит саясат комитеті осындай шешімге келген. Нарықтағы соңғы үрдістерге байланысты инфляция мен экокономикалық өсу бойынша болжамдар да жаңартылып отыр.

Шілде айында жылдық инфляция 8,6% жетті. Бұған тұрғын үйді жалдау, әуе қызметі, байланыс және басқа да нарықтық қызметтер бағасының айтарлықтай өсуі себеп. Оның үстіне қоғамдық тамақтануда, туризм саласында тұтынушылық шығын артқан. «Бұның бәрі аталған салаларда инвестициялық белсенділікті арттырады», – деп есептейді орталық банк өкілдері.

Ақылжан Баймағамбетов, Қазақстан Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары:

- Бүгін біз базалық ставканы өзгеріссіз қалдырдық. Шілдеде жылдық инфляция аздап өсті. Ол біздің болжамымыздың ішінде, бірақ әлі жоғары. Мақсатымыз – инфляцияны 5%-ке дейін төмендету. Бұл мақсатқа жету үшін қазір ставканы ұстау керек. Себебі халыққа да, бизнеске де керегі – төмен инфляция.

Мамандардың айтуынша, инфляциялық тәуекелдердің ескерілуіне байланысты базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін осы деңгейде сақталуы мүмкін. Себебі ішкі сұраныс тарапынан қысым күшейіп, инфляциялық күтулер құбылып тұр.

Тимур Сүлейменов, Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы:

- Фискалдық алшақтық пен оны жабу құралдарын анықтау мәселелері – негізгі тәуекелдердің бірі. Біз жаңа Салық кодексінің жобасы аясында белгілі бір оң өзгерістерді көріп отырмыз. Үкімет тарапынан ұсынылған өзгерістер Ұлттық қордан түсетін трансферттерді ауыстыруға ықпал етеді деп ойлаймыз.

Ұлттық Банктің алдағы көздеген мақсаты – инфляцияны 5%-ке төмендету. Сол үшін жаңартылған болжамдар мен инфляцияның бүгінгідей қарқыны ақша-кредит шарттарын ұзақ уақыт сақтау қажеттігін аңғартып тұр. Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім осы жылдың 11 қазанында жарияланады.