Қостанай облысындағы қос ауыл тұрғындары жаңа үй кілтіне ие болды
Қостанай облысындағы Амангелді және Көлқамыс ауылында тасқыннан зардап шеккендерге жаңа үйдің кілті табыс етілді.
Қос елді елді мекенде бас аяғы екі-үш айдың ішінде 27 үй салынды. Олардың барлығы су, жылуы кіргізіліп, дайын күйінде тапсырылып отыр.
Жанкелдин ауданындағы Көлқамыс ауылында су басқан 20 шақты үй тұруға жарамсыз деп танылған. Президенттің пәрменімен жаз шыға бұл елді мекенде де құрылыс жұмыстары басталды. Күзге жеткізбей тақыр жерде 19 үй тұрғызылды. Солардың бірі Темірхан Шойбасовқа бұйырды.
Темірхан Шойбасов, Көлқамыс ауылының тұрғыны:
- Бір жатын бөлме, мына жағымызда тамақ ішетін бөлмеміз. Сосын мына жерде әжетханамыз, жуынатын бөлме. Суы кіріп тұр. Өзіміз ризамыз. Бұл үй өте тамаша салынған. Сапалы.
Жалпы Қостанай облысында тасқыннан 1283 үй бүлініп, соның 468-і апатты жағдайда деп танылды. Сол баспанасыз қалғандардың 315-не өз қалаулары бойынша пәтер сатып алынды. Қалған 153-не жаңа үй салынды.
Ринат Мұхаметқали, Қостанай облысы әкімінің орынбасары:
- Президенттің тапсырмасымен және осы «Қазақстан халқы» қоры және басқа да қорлардың көмегімен, құрылысшылардың жақсы жұмыстарының нәтижесінде бүгінгі күнге жетіп отырмыз. 153 үйдің құрылысы бітіп, бүгін, міне, соңғы үйлердің кілтін табыстау салтанатты рәсімінде тұрмыз. Осымен Қостанай облысындағы апатпен күресудің, үйлерді салу, үйлерді қалпына келтіру жұмысы 100% бітті деп айтуға болады.
Тасқын зардабын жоюға қоғамдық ұйымдардың, жеке кәсіпкерлердің де көмегі көп болғандығын айта кеткен жөн. Әсіресе «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорының қосқан үлесі зор.
Шыңғыс Шарапиев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілі:
- Су тасқынынан зардап шеккендерге жалпы еліміз бойынша 3 мыңға жуық үй салынып жатыр. Соның 627 үйі «Қазақстан халқына» қоры есебінен. 20% деп айтуға болады. Қостанай облысына келетін 89 үй. Жалпы жұмсалған қаражат – 16,5 миллиард тенге.
Аманкелді ауданындағы 6 елді мекенде 27 үй салынды. Оның басым бөлігі, әрине, Амангелді ауылының өзінде. Салтанатты жағдайда жаңа үйдің кілтіне ие болған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.
Зәкен Бопанұлы, Амангелді ауылының тұрғыны:
- Біздің жағдайымызды көріп, бізге жағдай жасап жатқандарыңызға, осындай зәулім үй салып бергеніне зардап шеккен ағайын туыстардың атынан көп-көп рақмет.
Алпыс Әлімбаев, Көлқамыс ауылының тұрғыны:
- Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырза мына халыққа қорықпаңыздар деп Халық қоры атынан ақша бөлдіріп, осылай үй салып беріп жатыр. Мал, мүліктің өтемін төлеп жатыр. Мектебіміз салынып жатыр. Сондықтан Президетіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға осы Көлқамыс атынан көп-көп рақмет айтамыз.
Бұдан бөлек, тасқыннан зардап шеккендерге Арқалық қаласында 50 пәтерлі үй салынып жатыр. Бұл құрылыстың да аяқталар күні таяу.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров.