Атбасарда локомотив құрастыру зауытының капсуласы салынды
Ақмола облысында көптен күткен локомотив құрастыру зауытының капсуласы салынды.
Жаңа нысан Атбасар қаласында бой көтереді. Жоба жүзеге асқан жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін бермек.
Мемлекет басшысы ең маңызды міндеттің бірі ретінде елдің берік өнеркәсіптік қаңқасын қалыптастыру әрі эномикалық өзін өзі қамтамасыз ету екенін айтқан. Осы бағыт бойынша «Қамқор Локомотив» ЖШС өңірдегі ең ірі инвестициялық жобаның бірін жүзеге асырмақ. «Атбасар локомотив құрастыру зауыты» магистральдық электровоздардың 100 секциясын, магистральдық электровоздардың 200 секциясын және маневрлік тепловоздардың 60 секциясын шығаратын болады.
Жанатбек Адамбаев, «Атбасар локомотив құрастыру зауытының» директоры:
- Зауыттың жылдық қуаты 360 секцияны құрайды. Бірінші кезең шамамен 3-4 жылға созылады, бастапқы кезеңде 80 адам жұмыс істейді. Бұл негізінен жобалаушылар. Бірте-бірте кадрлық әлеует 800 адамға дейін көбейеді. Болашақта Локомотив элементтерін оқшаулау, дайындау жоспарланып отыр.
Шараға Ақмола облысының әкімінен бастап Көлік вице-министрі, «Қазақстан темір жолы» АҚ төрағасының орынбасары мен теміржол саласының ардагерлері қатысты. Аймақ басшысының айтуынша, белгіленген орында қажетті инфрақұрылымның барлығы бар. Қазір құжат дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Ең бастысы, зауыт заманауи техникалармен қамтамасыз етілген. Экологиялық стандарттарға да сай.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Бізге де инвестиция түсіп жатыр. Осы Атбасар қаласы бекерден-бекер таңдалған жоқ. Бұл жерде өзінің терең дәстүрі бар, тарихы бар. Осы жерде теміржолшылар бар. Династиямен дейміз, толқын қуып жатқан. Президент осы Атбасар қаласында салсын деп тапсырма берді. Сондықтан осыны іске асырамыз.
Осылайша, аймақтағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі болатын зауыттың құны 47 млрд теңгені құрайды. Ал құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады.
Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Мирлан Алтынбек, Бағдат Қайыркен, Саят Башимов.