Көкшетауда жылу электр орталығы салынады
Көкшетау қаласында жаңадан жылу электр орталығы салынады. Жоба бойынша нысан 2028-2029 жылдары қолданысқа енгізіліп, шаһар тұрғындарының қазіргі және келешектегі сұранысын толық қамтиды.
Бұл жоба Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы келісімге сай жүзеге асырылып жатыр. Бүгін енді Көкшетау қаласындағы орталықты салу бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жөніндегі шартқа қол қойылды.
Өскемен, Семей және Көкшетау. Осы 3 шаһарда еліміз егемендік алғалы алғаш рет жылу электр орталығы салынатын болады. Бұған дейін бұл аталған облыс орталықтарында мұндай құрылыс жүргізілмеген. Ал бүгін ресейлік энергетикалық компаниямен Көкшетау қаласында жылу электр орталығын салу жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жөніндегі шартқа қол қойылды.
Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:
- Бүгін Көкшетау ЖЭО және Интер РАО экспорт компаниялары арасында жобалық-сметалық құжатамаларды әзірлеу бойынша келісімшартқа қол қойылды. Келісімшарт бойынша Интер РАО экспорт жабдықтарды толық жеткізу және құрылысты толық аяқтау бойынша міндеттерді атқарады.
Жоба бойынша Көкшетау қаласында электр қуаты 240 МВт және жылу қуаты 520 Гкал/сағ болатын жаңа жылу электр орталығы салынады. Айта кету керек, бұл орталықта кейін көмірден табиғи газға ауыстыруға мүмкіндік беретін технологиялық шешімдер қарастырылады.
Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:
- Жақын арада біз ЖЭО алаңында дайындық жұмыстарын бастаймыз және жыл соңына дейін негізгі және қосалқы жабдықтар дайындайтын зауыттарға тапсырыстар береміз.
Негізі Көкшетаудағы алғашқы жылу электр орталығы кезең-кезеңімен 2028-2029 жылдары қолданысқа енгізіледі деп күтіледі. Орталық алдағы уақытта шаһар тұрғындарының қазіргі және келешектегі сұранысын толық қамтымақ. Ал мұнда 400-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.
Авторлары: Риат Шони, Бағдат Қайыркенов.