Ұлытауда Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды
Ұлытауда «Таңбалы тас» Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен салынған нысанның авторы – елімізге белгілі монументші Ғазиз Ешкенов. Композиция құрылысы 1 жылдың ішінде аяқталды. Сәулетті нысанда рәміздерден бөлек, қазақ елінің ары-бергі тарихын тұтас қамтитын барельефтер орналасқан.
Қасиетті Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды 2022 жылы Ұлытауда өткен алғашқы Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған болатын. 3 гектар аумақты алып жатқан нысанда биіктігі 22 метр Ту, тұғыртаста Елтаңба орнатылған. Алаңды жағалай орын тепкен барельефтер Түркі қағанаты, Алтын орда, Қазақ хандығы және Тәуелсіз Қазақстан жолын бейнелейді.
Берік Әбдіғалиұлы, облыс әкімі:
- Ұлытау таудың ғана аты емес. Ұлытау қазақ, ұлы дала, еркіндік, бәтуа-бірлік, татулық деген түсініктердің біте қайнасқан біртұтас ұғым болып есептеледі. Еуразия тарихында ерекше орын алатын аймақ. Ең бастысы – ол ұлт ұясы, елдікке ұмтылған дала жұртының құбыла-қағбасы. Осы киелі Ұлытау баурайында атап өтіп жатқан қуанышты күн құтты болсын.
Нысанның өзге өңірлердегі рәміздер алаңынан айырмашылығы, мұнда граниттен қашалған «Таңбалы тас» орнатылған. Салмағы 130 тонна тартатын тасқа 99 рудың белгісі бедерленген.
Сағындық Қожамсейітов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Осы алаң жастарға болсын, үлкендерге болсын қазақ мемлекетінің қадірі мен атағын, жеткен биігін көруге, жастарды Қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге маңызды болып табылады.
«Сәулетті нысан Ұлытауға туристер тартуға мүмкіндік береді», – дейді мамандар. Сондықтан қасиетті мекенде инфрақұрылымды жетілдіру жөнінде кешенді шаралар қолға алынған. Мәселен, 2027 жылға дейін Әулиетау шыңына апаратын жол салу жоспарланып отыр.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.