Ақтөбеде «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Ақтөбеде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.

Биыл еңбегімен елге үлгі болған, ғылым мен өнерде, білім беру жолында тер төккен, қоғам қайраткері ретінде аймаққа танымал 100-ге жуық өнегелі отбасы қатысты.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы елімізде биыл 11-ші мәрте өтіп жатыр. Үлгілі некені насихаттап, руханиятты нығайту мен ата-ананың бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін арттыруды көздейтін доданың қазір облыстың кезеңі мәресіне жеткен. Ақтөбеде биыл байқаудың бас жүлдесін Нұрбаевтар отбасы иемденді. 4 бала мен 12 немере-жиен тәрбиелеп отырған Қыдырбай ағай мен Лиза апай биыл алтын тойды атап өткен.

Лиза Нұрбаева, «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы:

- Отбасы деген – бұл кішігірім мемлекет. Бұл отбасының беріктігі 2 адамға байланысты. Ойы да болады, қыры да болады. Соған сабырлықпен, салмақтылықпенен жету керек деп ойлаймын. Отбасында әділдік, шынайы сезім болу керек деп ойлаймын. Сол кезде ғана жақсы отбасы болады.

11 жыл ішінде байқауға Ақтөбе облысынан 2 мыңға жуық отбасы қатысқан. Биыл да 100-ге жуық өтінім түскен. Ақтық сынға 25 отбасы өтті. Қатарында «Мәдениет саласының үздігі», ағарту ісінің қайраткерлері, ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген ардалы зейнеткерлер бар. Конституция күні қарсаңында өткен салтанатты жиында жүлдегерлерді облыс басшысы Асхат Шахаров марапаттады.

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

- ҚР Конституциясы әрбір отбасын қорғауға және қамқорлық жасауға кепілдік береді. Біздер отбасылық құндылықтарды, дәстүрлерді жалғай отырып, тұғыры биік, бірлігі бекем ел құра аламыз. Өңіріміздің үздік шыққан әулеттердің қай-қайсысы да – еліміздегі ең мерейлі отбасылар. Барша Қазақстанның мақтанышы.

Ауыл аймақтан басталып, облыстық деңгейде өткен байрақты додаға қатысушылар отбасы құндылықтарын дәріптеуде елге үлгі. Өнегелі құндылықтарды жаңғырту жолында жүлдегерлер енді республикалық кезеңде бақ сынайды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.