Сенат спикері Паралимпиада құрамасына жеңіс тіледі
Республикалық бочча федерациясын басқаратын Мәулен Әшімбаев Францияда ұлттық Паралимпиада құрамасының спортшылары және жаттықтырушыларымен кездесті.
Сенат спикері екіжақты кездесуде параспорттың еліміздегі әлеуетін талқылады.
Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасына барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Залда таэквондошымыз Милана Красавцеваға Сенат төрағасы бастаған делегация жанкүйер болды. Артынша спортшылар қалашығында Мәулен Әшімбаев ұлттық команда мүшелерімен кездесіп, оларды Паралимпиадаға қатысуымен құттықтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан қолдау сөздерін жеткізді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Мен осында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен арнайы келдім. Мемлекет басшысы жалпы параспортты қолдауға үлкен мән беріп отырғанын білесіздер. Осы Паралимпиадаға біздің Қазақстанның командасы 6363 жолдаманы жеңіп алып, 9 спорт бойынша тарихымызда бірінші рет осындай деңейге жетіп, осындай үлкен құрамда келіп отыр. Мұның барлығы мемлекетіміздің тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен көмектің бір нышаны деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан осы Паралимпиадада Парижде Қазақстанның туын жоғары көтеріп, жеңістерге жетеміз деп сенеміз. Соны тілейміз.
Тарихымыздағы Паралимпиада ойындарына атлеттердің рекордтық санының қатысуы Қазақстанда параспорттың дамып жатқанын көрсетеді. Спортшыларды кәсіби дайындау Астанадағы паралимпиадалық жаттығу орталығында жүргізіледі. Сондай-ақ бүкіл ел бойынша спорттық клубтар мен мектептер жұмыс істеп тұр.
Раушан Қойшыбаева, ҚР Паралимпиада құрамасының мүшесі:
- Президентіміз бен біздің халқымыздың сізге айтып жіберген сәлемдемесін жақсы қабылдап отырмыз. Біздің параспортшыларға айтарым, өзіме де айтарым, мына үйде, елде дайындаған жұмысымызды төкпей, шашпай, ең бір жақсы биік жетістігін, шыңдарына жеткізіп, жұмысымызды орындап шығайық. Әр медальдың түр-түрінен қоржынымызды арқалап, көтере алмай қайтайық үйге. Алға, Қазақстан!
Мәулен Әшімбаев Халықаралық бочча федерациясының президенті Джон Морганмен бұл бағыттың дамуын талқылады. Бүгінде ол Қазақстандағы ең танымал параспорт түрі саналады. Келер жылы Астанада бочча бойынша жарыс өтеді. Ал оның қорытындысы әлемдік рейтингте көрсетіледі. Сенат төрағасы Азия Паралимпиада комитетінің президентімен еліміздің Орталық Азияда параспортты көпшілікке таратудағы үлесін талқылады. Сонымен қоса Мәулен Әшімбаев Дүниежүзілік таэквондо федерациясының президентімен де кездесті.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Алия Сыздыкова, Руслан Омиржан.