Ата заңның қоғам дамуындағы орыны айшықталды

Конституция күні Орал қаласында да түрлі мазмұнды шаралармен айшықталды.

«Атамекен» өнер ордасына жиналған өңір жұртшылығын облыс әкімі Нариман Төреғалиев құттықтап, Ата Заңымыздың азаматтық қоғамның дамуында алар орнына тоқталды. Ал өнерпаздар жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ел азаматтарының еркіндігі мен құқығына, сот пен заң алдындағы теңдігіне кепілдік беретін басты құжат – Конституция. Ата Заңның арқасында саяси тұрақтылық сақталып, қоғамдық келісім нығайып келеді. «Елімнің еркіндігі – Ата заңым» атты салтанатты шара барысында конституцияның қоғам дамуындағы орны осылайша түсіндірілді. 

Ғиззат Құжатұлы, еңбек ардагері, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері:

- Бүкіл Қазақстан халқы Ата заңымызға сүйеніп еңбек етіп жатырмыз, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін. Ата заңымызды жастар арасында көбірек насихаттап, көбірек түсіндіруіміз керек. 

Конституция күнін батысқазақстандықтар жарқын жетістіктермен қарсылауда. Биыл ауылдық жерде 38 медициналық нысан пайдалануға берілмек. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 18 мектептің құрылысы жүріп жатыр, инвесторлар қаржысына 9 білім ордасы тапсырылмақ. Жуырда екі  ауданда спорт кешендерінің құрылысы бітеді. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға Оралда мыңнан астам баспана сатып әперілді, 775 үйдің құрылысы басталса, соның 253-і тапсырылыпты. Бастысы - елдің бірлігі деді салтанатты шарада сөз алған өңір басшысы. 

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Қазақстан Конституциясы - халықтың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі, даму жолының алтын діңгегі! Қазіргі геосаяси ахуалда біз саяси тұрақтылық пен ел бірлігін сақтап қалуымыз қажет. Ол үшін қоғам арасында идеологиялық жұмысты күшейтуіміз керек. Ортақ мақсатқа ұйысқан, болашағына сенген, рухы биік халық  қана дербес мемлекет құра алады. 

Салтанатты шара соңында облыс өнерпаздары көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э. Аюпов