Конституция күні Оралда 103 отбасы қоныс тойын тойлады
Конституция күні оралдық 103 отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды 24kz.
Олардың барлығы да көктемгі тасқын кезінде су басқан саяжай серіктестіктерінің тұрғындары. Табиғи апаттан зардап шеккендерге арнап Орал қаласында 375 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатса, бүгін бірінші боп Деркөл шағын ауданындағы 103 үй пайдалануға берілді.
Соңғы 30 жылда болмаған тасқыннан елеулі зиян шеккен шаһардың бірі – Орал қаласы. Шаған және Жайық өзендерінің қауіпті межеден асып кетуі салдарынан облыс орталығында 14 мыңдай саяжай учаскесі су астында қалды. Соның 8 мыңға жуығында үй-жай бар екен. Жалғыз баспана санатындағы 3 мың саяжайдың 2222-і жарамсыз деп танылған. Қазір 1200 отбасына пәтер сатып алып берілді. Оған қосымша Зашаған, Жұлдыз, Деркөл аудандарынан 375 тұрғын үй салынған болатын. Бүгін Деркөлдегі 103 үй бірінші боп салтанатты жағдайда тапсырылды.
Марал Оралова, қала тұрғыны:
- «Нұрлы жол» саяжайынан үй салған болатынбыз. Сол үй суға кетіп, Деркөл кентінен 3 бөлмелі үй бұйырып тұр. Осы 5 бала-шағаның несібесі деп ойлаймыз. Енді осы басшыларымызға көп-көп рахмет осы отбасыға үй бұйыртып жатқандарына! Үйдің ішін қарап шықтық, керемет деп айтсақ болады. Мықты, керемет салынған.
Биылғы тасқынның зардабын жою жұмыстары еліміздегі ірі компаниялардың демеушілігімен іске асуда. Мәселен, мына үйлердің құрылысына қажетті қаржыны ERG компаниясы бөліпті.
Данияр Рахматуллаев, «Евразиялық топ» ЖШС бас директорының орынбасары:
- Өте қуаныштымыз халықтың баспаналы болуына біздің септігіміз тигеніне. Осы тасқынның зардабын жоюға Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарына 40 миллиард теңге бөлдік. Соның 20 миллиарды Орал өңіріне қаралды. Құрылысшылар қаржыны қысқа мерзімде сапалы игерді.
Облыс орталығында салынып жатқан үйлердің барлығы да бүгін-ертең пайдалануға берілмек.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов