Елімізде уранның минералды ресурстары 89 мың тоннаға артты

Елімізде уранның минералды ресурстары шамамен 89 мың тоннаға артты, деп хабарлайды 24kz.

Осы тұста «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы әлемдегі жетекші уран өндіруші және жеткізуші ретінде бірқатар жобаларды жүзеге асыра бастады. Геологиялық барлау жұмыстарының ауқымды бағдарламасын іске қосты. Бұл таза энергияға көшу үшін зор маңызға ие.

Биылғы жарты жылда «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының кірісі 13%-ке өсіп, 283 миллиард теңге таза пайда тапты. Өнеркәсіп жақында «Инкай» кен орнының №3 учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығын алды. Ондағы уран қоры 83 мың тоннаға бағаланып отыр. «Жалпақ» кен орнының «Шығыс» учаскесін барлау құқығы алынды. Мұнда уран қоры 30 мың тоннаға дейін жетеді деп болжанып отыр.

Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

- Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай минералды шикізат базасын толықтыру қажеттілігіне байланысты «Қазатомөнеркәсіп» геологиялық барлау жұмыстарының ауқымды бағдарламасын іске қосты. Ол жаңа аумақтарды бағалауға және қолданыстағы кен орындарын кеңейтуге бағытталған. Соның нәтижесінде біздің жұмыс істеп тұрған кен орындарымызда уранның минералды ресурстары шамамен 89 мың тоннаға артты.

«Қазатомөнеркәсіп» өзінің еншілес және тәуелді кәсіпорындарымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысып жүр. Алдағы төрт жылда еншілес компаниялармен бірігіп, 30 миллионнан астам көшет егуді көздеп отыр.

Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

- Біз офтейк-келісімдер жүйесін белсенді дамытып, отандық тауарлар көлемін ұлғайтып жатырмыз. Бізде импортты алмастыру жөніндегі жергілікті жобалау кеңсесі жұмыс істейді, ол жаңа өндірістер құру жөніндегі жобаларды қарайды және отандық тауар өндірушілерді қолдайды.

Бұдан бөлек, компания минералдық-шикізат базасын кеңейту, ғылымды дамыту және отандық өндірушілерді қолдауда барын салмақ. Әрі геологиялық барлау және ресурстық базаны толықтыру жұмыстарын жалғастыра береді. Былтыр сирек және сирек жер металдарын өндіруге, жаңа өнімдер жасауға және құнды компоненттерді алу технологияларын жақсартуға бағытталған ғылыми-технологиялық даму бағдарламасы бекітілді.

Авторы: Айнұр Қуатқызы