Көшпенділер ойыны аясында Сыр елінен елордаға керуен аттанды

Қызылордадан елордаға батыр мен елшілер аттанды, деп хабарлайды 24kz.

Олар V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында Қаратаудағы Сауысқандық шатқалынан алынған суды тайқазанға құю рәсіміне қатысады. «Бірлік керуенін» шығарып салуға арналған салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.

Қаратаудағы Сауысқандық шатқалы тарихи маңызға ие орын. Мұндағы тасқа қашалған таңбалардың құндылығы жоғары. Дүниежүзілік көшпенділер ойынына аттанған батыр мен елшілер осы жерден торсыққа су толтырды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Аталған шараның Сауысқандық петроглифтерінде өткізілуінің өзіндік символдық мәні бар. Бұл орын тарихы терең археологиялық мұрамен қоса табиғат ландшавтысы ерекше орын.

Іс-шара барысында қазақтың ұлттық дәстүрі мен ойындарынан көрініс болды. Теңге алу, асық ату, арқан тарту, садақ ату, аударыспақтан жарыс ұйымдастырылды. Шиелі ауданында басталған «Бірлік керуенін» шығарып салу рәсімі Қызылорда қаласында жалғасты. Қазақ күресінен ел намысын қорғайтын қызылордалық палуан Мақсат Исағабылов әлем көз тіккен байрақты бәсеке қарсаңында тыңғылықты дайындық жасағанын атап өтті.

Мақсат Исағабылов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Дайындық өте жоғары деңгейде. Бұған дейін оқу-жаттығу жиындарынан өттік ұлттық құрамамен бірге. Шетелдерде оқу-жаттығу жиындары өтті.

Мұрат Сәрсенбаев, «Бірлік керуенінің» елшісі:

- Тек спортты ғана, ойындарды ғана емес, өзіміздің ұлттық дегендерді паш етуде деп білемін.

89 елден екі мыңнан астам спортшы қатысатын дүбірлі додада 21 спорт түрінен өзара мықтылар анықталады. Этникалық спорт сайысында Сыр елінің де өкілдері ел намысын қорғайды. «Жалпы Қызылорда облысында қазақ күресі, садақ ату, аударыспақ қарқынды дамып келеді», - дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев