Алматыдағы кинотеатрларда Иран елінің мультфильмі көрсетілді
Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы арасындағы мәдени қарым-қатынас дамып келеді, деп хабарлайды 24kz.
Алматыдағы Kinopark 11 IMAX Esentai кинотетарында ирандық «Ұшқыш Ромашка» анимациялық фильмі көрсетілді. Балаларға арналған туындының басты идеясы – еңбектеніп, мақсатқа қол жеткізу.
Елімізде ирандық анимациялық фильм алғаш рет көрсетіліп отыр. Басты кейіпкер кішкентай қозы – Ромашканың арманы көке көтеріліп ұшу. Бірақ оған барлығы қарсы болады. Десе де, достарымен бірігіп, еңбектенеді. Өзіне үлгі болған үкіден тәлім алып, талаптанады. Мультфильм балаларға ұнады.
Динара Сатылған, оқушы:
- Маған мультфильм қатты ұнады. Армандар орындалады. Ромашканың трактормен ұшқаны өте қызық болды. Достарымен көруге кеңес беремін.
Диана Нұрқуатова, қала тұрғыны:
- Мультфильм өте қызықты. Жоғарғы деңгейде жасалған. Және де ешқандай жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық адамдарға өте қызықты және де үлгі тұтарлық мультфильм болады деп ойлаймын.
Балаларға шаттық пен қуаныш сыйлаған туындыда күлдіргі сәттер көп. Баланың ұшқыр қиялы кейіпкерді ұшуға жетелейді. Ал еңбек арманға жеткізеді. Кейіпкерлердің шырқаған әндері де әсерлі шыққан. Жануарлардың қызықты қылықтары әзілмен көрсетіледі.
Мохсен Фағани, Иран Ислам Республикасының Алматыдағы бас консулы:
- Біз «Кинопарк /Киноплекс» компнаиясының басшылығына, продюсер. Ерлан Бұқарбаев мырзаға алғыс айтамыз. Бұл тарихи сәт. Қазақстанда тұңғыш рет ирандық анимациялық фильмнің көрсетілуінде үлкен мән бар деп ойлаймын. Бізде түрлі жанрдағы көркем туындылар көп. Соларды көрсетіп, әріптестік байланысты арттыруға ниеттіміз.
Ирандық режиссерлер мен продюсерлер отандық компаниялармен ортақ жобаларды жасауды көздейді. Ал «Ұшқыш Ромашка» мультфильмі екі ел арасындағы мәдени қатынастың одан әрі дамуына серпін береді.
Авторлары: А.Садуақас, В.Лобанов