Қызылорда облысы Жансейіт ауылында мектеп ашылды
Қызылорда облысының Жансейіт ауылында 100 орынды жаңа мектеп қолданысқа берілді.
Бұл елді мекендегі бұрынғы оқу ошағының ғимараты кезінде шаруашылықтың кеңсесі болған. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтады.
Қызылорда облысындағы әбден тозған төрт мектеп биыл қайта бой көтеруде. Соның бірі Шиелі ауданындағы Жансейіт ауылында салынды. Жаңа оқу жылы қарсаңында білім ошағының құрылысы аяқталды. Мектептің салтанатты ашылу рәсімінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өңірде биыл білім беру нысандарының қатары арта түсетінін атап өтті.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Білімді қолдау қоры есебінен құны 8 миллиард 400 миллион теңгені құрайтын Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика бағытындағы 300 орынды жатақханасы бар 400 орынды мектеп-интернатының құрылысы салынуда. Алдағы қараша айында ел игілігіне пайдалануға беріледі.
Жаңа мектеп уақыт талабына сай толық жабдықталған. Пәндік кабинеттер мен спорт залы, мәжіліс залы, асхана, тәжірибелік сыныптар сақадай сай тұр.
Әлия Есмұхамбетова, Жансейіт ауылының тұрғыны:
- Мына жерде барлық толық жабдықталған типтік үлгідегі мектепке қол жеткізіп тұрмыз, өте қуаныштымыз. Екі ауысымда оқитынбыз ана жақта, енді мына жерде мүмкіндігінше бір ауысымда оқитын шығар. Түстен кейін басқа секция жұмыстарына қатысуға мүмкіндіктері бар енді қазір.
Биыл Қызылорда облысында 10 «Жайлы мектептің» құрылысы басталды. Келесі жылы тағы 11 «Жайлы мектеп» бой көтереді. Мұнан бөлек жеке инвесторлар есебінен Арал ауданындағы Тоқабай, Ақшатау ауылындағы ескі мектеп ғимараты қайта салынып жатыр. Мұнан бөлек бірқатар аудандағы оқушылар үйі мен өнер мектебі де жаңаланады.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбат Байділдаев