Жетісу облысында жаңа мектеп ел игілігіне берілді
Білім күніне орай Жетісу облысының Көксу ауданындағы Қаратал ауылында жаңа мектеп ашылды.
120 орындық білім ордасын салуға қазынадан 1 млрд 800 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Көптен күткен ғимараттың бой көтеруімен елді мекендегі ең өзекті мәселе шешімін тапты.
Қаратал ауылындағы 100-ден аса шәкірт бұрын көрші ауылға барып оқитын. Ал бастауыш сыныптағылар көмірмен жылытылатын ескі әрі тар ғимаратта білім алып келді. Жаңа мектептің ашылуымен аталған мәселелер өзектілігін жойды.
Аяулым Оразбек, оқушы:
- Осы мектеп өте ұнады. Іші кең. Спортзал, акт залы, асхана, аула – бәрі таза.
Әйгерім Сағымжанқызы, Қаратал ауылының тұрғыны:
- Бір баламыз мына Балпық би ауылындағы мектепте оқитын. Автобус қамтамасыз етілгенімен, уайым-қайғы болды. Ал қазір балаларымызға уайым-қайғы жоқ.
Үшқабатты мектеп 2 жылда тұрғызылды. Білім ошағында 25 орындық шағын орталық және мектепалды даярлық тобы ашылды. 100-ден аса оқушыға ұстаздық ету үшін 25 мұғалім жаңадан жұмысқа қабылданды.
Әдемі Жақыпова, жас маман:
- Еңбек жолымды осы Қаратал орта мектебінен бастадым. Мектеп жаңа толықтай қазіргі заман талабына сай. Жаңа жиһаздармен, әртүрлі электронды заттармен жабдықталған.
Жетісу облысындағы 130 мыңнан аса оқушының 13 мыңы бірінші сыныпқа барып, мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Балаларды сапалы біліммен қамту үшін өңірде 4 ғимарат салынып жатыр.
Марат Сүлейменов, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Ақсу ауданындағы Көшкентал ауылында, Панфилов ауданының Лесновка ауылында Дәнеш Рақышев атында, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Жаркент қаласында және Алакөл ауданының Достық кентінде 2 мектеп құрылысы жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін аталған мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Сонымен бірге 4 мектеп күрделі жөндеуден өтті. 27 мектеп ағымдағы жөндеуден өткізілді.
Келесі жылы өңірдегі 5 білім ошағын күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Президент тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен тағы бесеуін жаңадан салу жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.