Жамбыл облысында 6 жаңа мектеп ашылды

Жамбыл облысында Білім күні қарсаңында 6 жаңа мектеп ашылды.

Оның екеуі Таразда, қалғаны аудандарда. Мысалы, Байзақ ауданында жаңа оқу жылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынған білім беру мекемесінде алғашқы қоңырау соғылды.

Байзақ ауданына қарасты Сарыкемер ауылындағы білім беру мекемесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Үшқабатты ғимарат бір жылда бой көтерген. Бүгін мұнда Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жаңа оқу жылының басталуымен оқушыларды Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтады. 

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

- Облысымызда ағымдағы жылы 41 білім нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін 18 мектептің құрылысын аяқтауды көздеп отырмыз. Ал 2025 жылы тағы да 22 білім ошағының құрылысы басталмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облысы бойынша 12 мектеп салу жоспарланып отыр.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлованың айтуынша, жаңа білім ордасының материалдық-техникалық базасы барлық талаптарға сай. Жайлы мектеп 600 орынға есептелген.

Гүлзада Мыңжасарқызы, Сарыкемер ауылының тұрғыны:

- Ішін аралап көрдік, балаларымыздың білім алуына барлық жағдай жасалған. Дәл осы мектеп салынған жерге мектеп керек еді, балаларымыз алыс жерге қатынап оқып жатқан. Алғысымыз шексіз.

Жаңа оқу жылында өңірдегі білім ошақтары 248 мың оқушыға есігін айқара ашты. Соның 20 мыңнан астамы – мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бірінші сынып шәкірттері. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Анастасия Сүлейманова, Бақытжан Бапаев, Эльдар Байділда.