Талапкер ауылында қос «Жайлы мектеп» есігін ашты

Елорда іргесіндегі Талапкер ауылында бүгін 2 «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді.

Онда 2400 бала заманға лайық білім алады. Ауыл тұрғындарының қуанышына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ортақтасты. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Мәжіліс депутаты Қанат Аймағамбетов те оқушылар мен ұстаздарға ақ тілегін арнады. Жыл соңына дейін Мемлекет басшысы бастамашы болған ұлттық жоба аясында Целиноград ауданында 7 «Жайлы мектеп» бой көтереді.

Талапкердің талапты оқушыларының көңілі шат. Олар жаңа оқу жылын «Жайлы мектепте» қарсы алып жатыр.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілген білім ошағы заманға сай жабдықталған. Қоры мол кітапхана, акт залы, спортзал және робототехника кабинеттері балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері де орнатылған.

Құттыбай Байғабылов, ата-аналар комитетінің төрағасы:

- Мектеп «газовый немен» жылынатын болды. Мектеп автобусы да болады. Ол жағын қарастырып жатырмыз. Олардың бәріне араласып жүрген адаммын.

Талапкер ауылындағы IT-лицейде де алғашқы қоңырау соғылды. «Жайлы мектептің» салтанатты ашылуына Денсаулық сақтау министрі қатысты.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Осы 1 ауылда осындай қазіргі заманауи талаптарға сай, қаламен айырмашылығы жоқ, жаңа технологиямен жабдықталған мектеп іске қосып отырмыз. Жалпы осындай 9 мектеп биыл Ақмола облысында іске асады. Оның ішінде жетеуі осы Целиноград ауданында. Өйткені бұл жерде миграцияға байланысты халықтың саны өсіп келе жатыр.

Ақмола облысындағы үш ауысымды мектеп мәселесі былтыр толығымен шешілген. Қазір аймақта бас-аяғы 528 білім ошағы бар. 13 мың бала білім әлеміне бүгін қадам басты.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Өрден Жарқын.