Қызылорда облысында «Отбасы күні» жаңа форматта аталып өтеді

«Отбасы күні» мерекесі биыл жаңа форматта аталып өтеді.

7 күн бойы түрлі тақырыптағы танымдық шаралар ұйымдастырылады. Қызылорда облысында да мерекенің мәні мен мазмұнын аша түсу үшін қыркүйектің 2-сі мен 8-і аралығында іс-шаралар жоспары дайындалды. Бұл туралы арнайы өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Отбасы құндылықтарын арттыру, ата-анаға құрмет, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік. «Отбасы күніне» орай Сыр өңірінде өтетін шаралардың өзегі осында жатса керек. Ұйымдастырушылар  33 қоғамдық-бұқаралық, мәдени-көпшілік, ағартушылық-зияткерлік, ғылыми-танымдық және спорттық шараларды өткізуге тыңғылықты дайындалып жатыр.

Шахмардан Байманов, облыс әкімінің орынбасары:

- «Бақытты отбасы» мемлекеттік қызметтегі отбасылардың қатысуымен отбасылық квест, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысып, жеңімпаз атанған, сондай-ақ басқа да үлгілі отбасылардың мүшелерімен қала және аудандардағы мектептер мен колледждерде кездесулер, танымдық шаралар ұйымдастырылады.

Мұнан бөлек, «Алтын той» иелерін құттықтай отырып, олардың өнегелі өмір жолы жастарға үлгі етіледі. Сонымен қатар «Отбасымен музейге» атты экскурсия ұйымдастырылмақ. «Ұлттық спорттан да түрлі сайыстар өтеді», – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Шахмардан Байманов, облыс әкімінің орынбасары:

- Елімізде отбасы институтына қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Жас отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмек көрсету аясында облысымызда «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы қабылданды.

Аймақта әлеуметтік нысандар қатары биыл да артып отыр. Мысалы, өңірдің барлық ауданында «Руханият» орталығы салынып жатыр. Мұнан бөлек, музыкалық колледж, инновациялық шығармашылық орталығы, «Оқушылар сарайы» секілді нысандар құрылысы басталып кетті.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Алиев, Айтмұхамбет Байділдаев.