БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендер түгел баспаналы болды
Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналған баспананың барлығы да пайдалануға берілді.
775 үйдің 375-і облыс орталығында бой көтерсе, қалғаны Бөрлі, Сырым, Теректі, Қаратөбе аудандарында салынған. Кеше Қаратөбе ауданы Қоржын ауылында 90 отбасы қоныстойын тойлады.
Жазда суы тізеден келетін, кейде тіпті тартылып та қалатын Жақсыбай өзені жылда көктемде асау мінез танытады. Биыл да жағасындағы алақандай ауылды аяған жоқ. Қырдан құлаған қызыл су 115 үйдің 90-ын жарамсыз қылды, халық мектеп ғимаратына бас сауғалады. Қазір Қоржындағы қираған үйлер қайта салынып, ауыл тасқыннан кейін қайта жаңғыруда.
Абай Мырзабаев, Қоржын ауылының тұрғыны:
- Бүгінгі күн біздің Аққозы ауылы үшін қуанышты күн! Ел басына қиындық туғанда Мемлекет басшысының өзі келіп, көзімен көріп, уәдесін берген-ді, үйсіз қалмайсыңдар деп. Міне, бес ай өтті, бәріміздің құтты шаңырағымыз болсын, үйімізге кірдік. Енді қалған жерде еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
Тұрғындарды қуанышымен құттықтап, жаңа үйлердің кілтін табыстаған өңір басшысы Нариман Төреғалиев су тасқыны зардабы өңірде толық жойылғанын атап өтті. Орал қаласында 375, аудандарда 400 үй салынып, тапсырылды. Облыс орталығында саяжай үйі жалғыз баспана саналатын азаматтар да пәтермен қамтылуда.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- 2100-дей тұрғын үйді бірінші және екінші нарықтан сатып алып бердік. Соның сыртында 775 үйдің құрылысын облыс бойынша салдық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күз айларына дейін салып бітіруді тапсырған болатын. Біз сол күз айларына дейін бәрін үлгеріп, кеше қыркүйекке дейін барлық үйдің құрылысы аяқталды. Су тасқынынан зардап шеккен халқымыз үшін бүгінгі күні қиындықтар артта қалды.
Сонымен қатар Қоржын ауылында мәдениет үйі, әкімдік ғимараты, медпункт секілді бірқатар әлеуметтік нысандар да қалпына келтірілмек.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов, 24.KZ, БҚО