Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Президент Жолдауы талқыланды

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары, жас ғалымдар мен студенттер Президент Жолдауын талқылады.

Жоғары білім сапасын арттыру тұрғысындағы бағыт-бағдарды айқындап, оны жүзеге асыру жолдарын пысықтады.

Әлемдегі озық университеттердің филиалын елімізден ашу жұмыстары жүйелі жалғасын тауып келеді. Бұл жаңашылдыққа Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті де дайын. Енді өңірде жоғары білім беруді интернационализациялауға мүмкіндік туады. Аталған білім ордасы Кореяның Сеултех университетімен бірлесіп, жасанды интелект бағытындағы мамандарды даярлау бағдарламасын қолға алғаны белгілі.

Майнура Бөрібаева, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры:

- Қазақстанға, әрине, шетел азаматтары оқуға келгеннен кейін біз өз-өзімізге өте жоғары талап қойып отырмыз. Білім сапасы жағынан талап қоямыз, одан кейін өңір дамиды. Экономика, туризм дамиды.

Университет ғалымы Нұрбол Аппазов елімізде атом электр стансысын салу немесе салмау мәселесі референдум арқылы шешілгені дұрыс деп есептейді. Қазір әлемнің дамыған елдері көмірді жағудан бас тартып жатқанын да тілге тиек етті.

Нұрбол Аппазов, химия ғылымдарының кандидаты:

- Көмірге келетін болсақ, ол – табиғи сорбент. Яғни, радиоактивті элементті бойына сіңіріп алып, ол өртенген кезде атом электр стансысына қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде қоршаған ортаны ластап жатады. Сол себепті оң шешім қабылданса, атом электр стансысы біздің энергетикалық қауіпсіздігімізді және тәуелсіздігімізді қамтамасыз етеді деп есептеймін.

Президенттің техникалық мамандықтарды даярлауға басымдық беру туралы бастамасына да ғалымдар оң пікір білдірді. Бұл бағытта оқу орны нақты жоспар жасап, кешенді шараларды жүзеге асырады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев.