Қызылордада ерекше спорттық сайыс өтті

Қызылордада Отбасы күніне орай жеті күн бойы түрлі танымдық, спорттық шаралар өткізу жоспарланған, деп хабарлайды 24kz.

Соның бірі – «Атамекен» балалар ауылындағы ерекше эстафеталық сайысқа ұласты. Мұнда жеті топ төрт кезең бойынша сынға түсті. Жарыстың ерекшелігі – қоғам мен отбасында өнегелі ісімен үлгі бола білген әкелер әр топқа жетекшілік етті.

«Атамекен» балалар ауылында жеті отбасы бар. Әр үйде бес бала тәрбиеленеді. Соңғы үш жылдан бері қоғамға белгілі, өмір жолы өнегеге толы жандар аталған отбасыларға ата-ана ретінде жетекшілік жасайды. Мерекелік шарада отбасындағы әке рөліне ерекше басымдық берілді.

Қаламқас Кәрімова, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы:

- Бұл кісілер әр отбасына бір әке, бір ана белгіленген. Олар мейрам болсын немесе басқа да аптасына, айына бір-екі рет келіп, балалармен сөйлесіп, оларды сыртқа серуенге шығарады. Олардың сұраныстары болса, соларға көмектеседі, сабағына жалпы жетекшілік жасайды. Тек қана мейрамда келу емес, былайынша ол балалардың барлығы біледі. Оларды бауыр басып, балалармен жұмыс жасайды ата-аналар.

Сарыарқа, Байқоңыр, Жетісу секілді еліміздің киелі өлкелерінің атауын иеленген командалар төрт кезең бойынша сынға түсті. Олар түрлі кедергілерден өту арқылы барынша көп ұпай жинауға тырысты. Ерекше сайысты ұйымдастыруға «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі мұрындық болды,-дейді ұйымдастырушылар.

Ержан Ескендір, республикалық «Әкелер одағы» ҚБ филиалының төрағасы:

-Отбасы күні деген әр адамның жүрегінде тұру керек. Өйткені отбасын сақтап қалу, отбасының құндылықтарын әрі қарай дәріптеу, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу деген бұл біздің алға қойған басты мақсатымыз болу керек.

Спорттық сайыс жеңімпаздары мен қатысушылары арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев