Астанада Еуропадағы ең үздік Lexus автоорталығы салынады

Еуропадағы ең үздік Lexus автоорталығы Қазақстан астанасында пайда болады, деп хабарлайды 24kz.

Жоба салтанатты рәсімде ресми түрде таныстырылды. Оны әйгілі британдық Chapman Taylor бюросы жасаған.

Екі жылға жуық уақыттан кейін дәл осы жерде жаңа Lexus автоорталығы пайда болады. Оның аумағы 4 мың шаршы шақырымға жуық аумақты қамтиды. Сәулет жобасында заманауи технологиялармен қатар ұлттық мәдени дәстүріміз ескерілген.

Бекнұр Несіпбаев, «Астана Моторс» ҚМК бас директоры:

- Біз Астана қаласында жаңа Lexus дилерлік орталығының құрлысын бастап отырмыз. Және де жылдан жылға өзіміздің жұмысымызды өрлетіп келе жатырмыз. Сондықтан осы дилерлік орталықтың құрлысы астанада басталып тұр. 2026 жылдың 1 маусымында осы орталықты іске қосамыз.

Құрылыстың басталу рәсіміне «Тойота Мотор Казахстан» президенті Джон Томсон, Lexus Europe вице-президенті Паскаль Руш және «Астана Моторстың» негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов арнайы шақырылды. Кеш қонақтары «уақыт капсуласын» орнатты. Оны Lexus компаниясының 100 жылдық мерейтойына орай 2089 жылы ашу жоспарланған.

Джон Томсон, «Тойота Мотор Қазақстан» президенті:

- Осында бүгін болғанымызға өте қуаныштымыз. Біздің Астанада тамаша серіктесіміз бар, бұл Астана Моторс. Олардың клиенттерге деген көзқарасы керемет. Мен айтқанымдай, олар үш рет Kiwami сыйлығымен марапатталды. Сондай-ақ біз болашақта өз клиенттеріміз үшін осы тәжірибені қалай сақтау және дамыту туралы ойлаймыз. Бүгінгі оң бастамалар бізге осы бағытты ұстануға мүмкіндік береді.

Lexus Europe компаниясының вице-президенті Паскаль Руш бұл Қазақстанмен серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, елордадағы жаңа дилерлік орталық болашақта брендтің барлық автоорталықтары үшін үлгі боларына сенім білдірді.

Авторлары: Рухани Асқар, Ғалымжан Әбділахат