Маңғыстауда заманауи үлгідегі қоғамдық көліктер қолданысқа берілді

Маңғыстау облысындағы Батыр ауылына заманауи үлгідегі 10 автобус қолданысқа берілді.

Қоғамдық көліктер елді мекеннен Ақтауға дейін әр 10 минут сайын қатынайды. Сонымен қатар Мұнайлы ауданы халқына коммуналдық қызмет көрсететін мемлекеттік кәсіпорын 3 жеңіл көлік және арнайы техникамен толықты. Салтанатты шарада аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай жаңа көліктердің кілтін тапсырды.

Батыр ауылының халқы жаңа автобустарды көптен күтті. Мұнайлы ауданына қарасты елді мекен 2012 жылы құрылған. Бүгінге дейін тұрғындар Ақтауға ескірген қоғамдық көліктермен қатынап келді. Жібек Жұматова салқындатқыш жүйесі жоқ автобустардың жолда жиі бұзылатынын есіне алды.

Жібек Жұматова, Батыр ауылының тұрғыны:       

- Бұған дейін «пазиктермен» қатынадық. Кішкентай автобустардың ішінде қысылыс болды, кондиционер болған жоқ. Күн ыстықта терлеп, суықта тоңдық. Сондай қиыншылықтарды көрдік. Енді бүгінгі күнге жеткізгеніне Аллаға мыңда да бір шүкір. Әкім мырза бар, барлығы атсалысып, халықтың жағдайын жақсы жасап жатыр.

Мұнайлы ауданына «Маңғыстау жылу» мемлекеттік кәсіпорны коммуналдық қызмет көрсетеді. Инженерлік инфрақұрылымның жай-күтіміне мекеме ұжымына өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай жеңіл көліктер мен арнайы техниканың кілтін тапсырды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды таситын автокөлік қолданысқа берілуіне көпшілік риза болды.

Нұрхан Мұстафаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары

- Бұйырса, осы мамандандырылған көліктермен халыққа сапалы қызмет көрсетеміз деп есептейміз. «Батыр – Ақтау» маршрутына келген 10 автобусымыз бүгінгі таңда 20 мың халыққа жетеді. Жалпы ауданда қоғамдық көліктерді жаңарту мәселесі өте қарқынды жүріп жатыр.

Қуанарлығы, биыл Дәулет, Қызылтөбе елді мекендерінде жаңа автобустар ел игілігіне тапсырылды. Алдағы уақытта Атамекен ауылдық округінен аудан орталығына қатынайтын бағытта 6 қоғамдық көлік қосылады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.