Алматыда Ә.Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай алғашқы шара өтті

Биыл Қазақстанның халық жазушысы, кемеңгер тұлға Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл.

Қазақты оның ішінде Аралды әлемге танытқан қаламгердің мерейтойына арналған алғашқы шара жазушының туған жері Қызылорда облысы әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрілінің қолдауымен өтті, деп хабарлайды 24kz.

Сонымен қатар биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 90 жыл. Осыған орай бүгін Алматыда «Кітап және қаламгер» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

Қазақ әдебиетінің құдіретін Мұхтар Әуезовтен кейін әлемге танымал еткен тұлға – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Халық жазушысының қаламынан шыққан «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары Арал теңізін бүкіл тағдырымен, проблемасымен әлем оқырманына жеткізді. Елін сүйген ерді елі ұмытқан емес. Қызылорда облысы әкімідігінің қолдауымен өткен бүгінгі жиын соның бір дәлелі.

Нұрлыбек Мыңжас, Қызылорда облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасының директоры:

- Әрмен қарай Әбдіжәміл ағаның өзінің туған жері Қызылорда облысы Арал ауданында да қазан айында үлкен республикалық шара болады. Мұндай тұлғаларды ешқашан ұмытуға да болмайды және іздеу, зерттеу, насихаттау тоқтамауы тиіс. Біз осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз.

Конференцияда «Жыр-әннің елі, Тұранның төрі – Сыр елі» атты көрме ұйымдастырылған. Онда Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық тарихы мен Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың өмірі мен шығармашылығы баяндалады.

Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:

- Ол кісі тек қана роман жазып қойған жоқ, мынау қоғамдық өмірге де көп араласты. Осы түйткіл болып жатқан, жұрттың бәрінің мазасын алып жүрген проблемаларды ол «Правда» газетінен бастап, «Известия» газетінен бастап, «Литература» газетінен бастап жазды. Өмірінің соңына дейін солай болып келді.

Жазушы туындылары уағында неміс, француз, испан сияқты отыздан астам шет тіліне аударылды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған шаралар мұнымен шектелмейді. Алматыдан басталған шара Сыр елінде де жалғасын табады. Одан бөлек, Жазушылар одағының ұйымдастыруымен халықаралық конференция болады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев