«Самұрық-Қазына» қоры Астанадағы 5 мектепте инклюзивті сыныптар ашты
«Самұрық-Қазына» қоры Астанадағы 5 мектепке жаңа сипаттағы инклюзивті сыныптар тарту етті, деп хабарлайды 24kz.
Енді ерекше білім беруді қажет ететін 150-ден астам бала жалпы орта білім беретін мектептерде қатарластарымен бірге оқи алады. Инклюзивті кабинеттер қажетті оқу құралдарымен жабдықталып, арнайы сарапшылармен бірлесіп әзірленген.
Қуандық Танабас, тілші:
- Астанадағы №97 мектепте ерекше қажеттілігі бар 30 бала білім алады. Енді осы бүлдіршіндерге «Самұрық-Қазына» қоры сыйға тартқан заманауи инклюзия кабинеттерінде кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіледі.
Назым Абылқасымова, педагог-психолог:
- Кабинеттердің ішінде арнайы мамандарға арналған әдістемелік құжаттар, дидактикалық материалдар бар. Олардың барлығы баланың мотивациясын оятып, жұмыс істеуге көмегін тигізеді
Орталық мұғалімдері балаларға мектеп бағдарламасын игеруге, сыныптастарымен араласып, қоғамға бейімделулеріне жәрдемдеседі. Ал емдік дене шынықтыру бөлмесі балалардың моторикасын және физикалық қабілетін дамытуға көмектеседі.
Бақтыгүл Қожымова, ата-ана:
- Баланың дамуына ары қарай дамуына осындай кабинеттер ашылып жатыр екен. Оның ерекшелігі, өзіме ұнағаны – ол дефектология, логопедия, психология мамандарының барлығы. Ол дегеніміз, ерекше баланың дамуына өте жақсы әсер ететін мамандар
Игілікті іс «Самұрық-Қазына» қоры ұйымдастырған қайырымдылық марафоны кезінде жиналған қаржының көмегімен жүзеге асты.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
- Өңірлерде 42 оңалту орталығын, 10 спорт кешенін аштық. Мыңнан астам бала адаптивтік секцияға бара жатыр. Бұл жұмыстарды жүйелі, кешенді түрде жалғастыратын боламыз.
«Самұрық-Қазына» қоры дәл осындай инклюзивті сыныптарды Астанадағы 5 бірдей мектепте ашты. Игілікті іс алдағы уақытта жалғасын таппақ.
Авторлары: Қуандық Танабас, Руслан Әлиев