Жезқазған қаласының құрылғанына 70 жыл толды
Жезқазған қаласына 70 жыл, деп хабарлайды 24kz.
Үлкен Жезқазған кеніші аумағында бой көтерген жұмысшылар кентіне 1954 жылы қала мәртебесі берілген болатын. Қазір мысты шаһар Ұлытау облысының орталығы. Айтулы күнге орай бүгін Серке театрында салтанатты жиын өтті. Шаһардың дамуына үлес қосқан еңбек адамдары марапатталды.
Жезқазған жері ежелден металлургияның Отаны саналған. Тарихшылар мұнда ерте қола дәуірінде мыс балқытып, бұйым жасағанын айтады. Ал, иен далада өндірістің дамып, әсем қаланың бой көтеруіне тікелей себепкер – Қаныш Сәтбаев. 70 жылдыққа арналған шара академиктің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Жезқазған өнердің де ордасы. Есімі елге белгілі дәстүрлі әнші Серік Оспанов осында түлеген. Екі жыл бұрын облыс құрылғанда елге оралған ол қазір жас өнерпаздарды тәрбиелеп жүр. Қаланың 70 жылдығына орай мерекелік медальмен марапатталды.
Серік Оспанов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі:
- Жезқазған тек қана бір мыс пен кен орны емес. Асты кенге қалай бай болса, үсті де солай талантқа бай. Сол таланттарды елдің алдына шығару – біздің азаматтық парызымыз. Той тойға ұлассын.
Бүгінде Жезқазғанда жаңа шағынаудан бой көтеріп келеді. Жыл соңына дейін үлкен спорт кешені мен 320 орындық балабақша қолданысқа беріледі. 57 көшенің жолы жаңарады. Бұл қала облыс орталығы мәртебесін алғаннан соң жүзеге асқан жұмыстардың бір парасы ғана.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
- Жезқазған ілгерілеу, гүлдену кезеңінің басында тұр. Қордаланған мәселелердің түйінін тарқатып, жоспарланған шаруаларды бірте-бірте іске асыру қолға алынды. Көптеген халықтың көкейінде жүрген су мәселесі, жылу мәселесі шешіліп келеді. Жылу құбырлары ауыстырылуда, жолдар қалпына келтірілуде.
Қаланың дамуына үлес қосқан еңбек озаттарына «Жезқазғанның құрметті азаматы» атағы берілді. Салтанатты шара мерекелік концертпен түйінделді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Гүлшаһира Серекбаева