Halyk Bank – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас серіктесі
«Ұлы дала дүбірі» – еліміз үшін тарихи оқиға.
Бұл – ортақ мұрамыз бен мәдени кодымызды сақтау мен дәріптеуге бағытталған халықаралық жоба. Елдігімізді, болмысымызды күллі әлемге паш ететін шараға Halyk Bank қолдау көрсетіп, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас серіктесі атанды. Бұл мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестікті нығайтып, додалы жарысты жоғары деңгейде өткізуге зор үлес қосты.
«Ұлы дала дүбірінде» күллі әлем жұрты нағыз көшпенділердің болмысына куә болады. Бұл – бірлік пен татулықтың тойы. Осынау халықаралық шараның бас серіктесі ретінде Қазақстанның қаржы саласының көшбасшысы – Halyk Bank-тің таңдалуы тегін емес. Банк әрдайым әлеуметтік жобаларды белсенді қолдап, оны жауапкершілікпен жүзеге асырып келеді.
Дәурен Сартаев, Halyk басқарма төрағасының орынбасары:
- Мұндай ауқымды шараның бас серіктесі болу – біз үшін үлкен мәртебе. Көшпенділер ойыны – халқымызды ұйымдастыратын, бірлігін арттыратын үлкен тарихи оқиға. Биыл елімізде су тасқыны сияқты табиғи апаттар болып, қиын кезеңді елдігіміздің арқасында еңсере білдік. Енді мұндай қуанышты жағдайда ел болып ұйысып, бекем бірлігімізді көрсетіп отырмыз. Жалпы кез келген халықаралық шара Қазақстанның беделін арттырады, әдемі Астанамызды әлемге танытады, салт-дәстүрімізді басқа халықтарға паш етеді.
Көшпенділер ойынын көруге алыс-жақын шетелден келген меймандар көп. 10 гектар аумақта орын тепкен этноауылда әрбір қонақ көшпелі өркениеттің мұрасымен танысып, халқымыздың қолөнерімен, ұлттық ойындарымен таныса алады. Ал қолөнер шеберлері осы текемет арқылы халқымыздың қонақжайлығын, бауырмалдыққа деген ұмтылысын бейнелегісі келген.
Ләйлә Жарқын, суретші:
- Перформанс ақ текеметтің үстінде қатысушылармен бірге ою-өрнектер тігіп жатырмыз. Текметтің жалпы мағынасы, ақ текемет қазақ даласын білдіреді, ал оның үстіндегі оюлар мен элементтеріміз – біздің бүгінгі қонақтарымыз.
Этноауыл әрбір келушіге ерекше әсер сыйлайды. Ұйымдастырушылар осы бірегей мекенді тамашалап, көшпелі өркениет мұрасының бір бөлшегі болуға шақырады.
Авторлары: Қуандық Танабас, Бағдат Қайыркен.