Ұлытауда тарихи орындарға баспасөз туры ұйымдастырылды

Биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл. Айтулы датаға орай Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап 2 күндік баспасөз турын ұйымдастырды.

Мақсат – Алтын Орда дәуіріне тән тарихи орындарды насихаттау арқылы өңірдің туристік әлеуетін арттыру.

Ұлытау даласында республикалық маңызға ие 10-нан астам тарихи-мәдени кешен бар. Солардың бірі – «Степлаг» лагері. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары 25 мыңға жуық адам жазасын өтеген нысан былтырдан бері қайта қалпына келтіріліп жатыр. Болашақта аспанасты мұражайы жасалады. Баспасөз туры осы жерден басталды. Одан әрі Жошы кешені, Домбауыл, Алашахан мазарында жалғасты.

Айдана Әбішева, өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы:

- Бүгінгі пресс-турымыздың негізгі мақсаты – республикалық және өңірлік БАҚ құралдарын осы Ұлытау облысындағы тарихи-мәдени орындарды, сондай-ақ өндіріс обьектілерімен таныстыру болады. Яғни, халыққа БАҚ өкілдері арқылы кеңінен насихаттау. 

Алтын Орданың тікелей мұрагері саналатын мекенде туризмді дамыту үшін бірқатар жұмыстар қолға алынған. Президент тапсырмасымен Жошы мазары маңына тарихи кешен бой көтерді. Қазір мұнда келетін жол салынып жатыр. Ендігі мақсат – киелі мекеннің насихатын арттыру.

Жарас Ниязбек, журналист:

- Әр тарихи нысанның маңдайшасында «Мемлекеттің қамқорлығында» деп жазамыз. Алайда соның насихатын күшейтуге, турист тартуға, әлемге танытуға күш салмаймыз. Оған қаржы да керек емес, оған насихатын күшейту керек. Пресс-турлардың үлесі болады ғой сондай. 

Түсті металлургияның қара шаңырағы Қарсақбай кентінде кезінде Қаныш Сәтбаев тұрған үй қаз-қалпында сақталған. Жездідегі мұражайда тау-кен балқыту ісі тарихынан сыр шертетін 18 мыңға жуық түпнұсқа жәдігер бар. Баспасөз турының екінші күні осы жерлерде және өндіріс ошақтарында жалғасты.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.