Биыл БҚО-дағы емдеу мекемелеріне 50 көлік беріледі
Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы нығайып келеді.
Былтыр емдеу мекемелеріне 80 санитарлық көлік тапсырылса, биыл 50 автомобиль беріледі. Алғашқы 3 көліктің кілті Қаратөбе ауданының дәрігерлеріне табысталды.
Қаратөбе ауданында 20-ға жуық елді мекен бар. Басым бөлігінде асфальт жол жоқ. «Әсіресе көктем-күздің лайсаңында шалғай жерге шақырту түскенде ескі көлікпен жедел жету оңай емес», – дейді дәрігерлер. Бірақ ол қиындықтар енді артта қалмақ. 7 ауылдық округтің 3-не жаңа жүрдек көліктер берілді.
Гүлмира Тілеуғалиева, Сулыкөл ауылдық амбулаториясының дәрігері:
- Жол енді бізде қиындық туғызатын еді. Осы кезге дейін ең соңғы рет осыдан 20 жыл бұрын жаңа жедел жәрдем көлігі болған. Содан бергі көліктерді пайдаланып келдік. Бірақ тозығы жеткен ескі көліктер болған. Бүгін жаңа көлік беріліп, бүкіл ауыл болып, ел болып қуанып жатырмыз.
Дәрігерлерге жаңа көліктердің кілтін табыстаған облыс әкімі Нариман Төреғалиев өзге де округтердің ұмыт қалмайтынын айтты. Былтыр өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарына 80 санитарлық автомобиль алынса, соның 67-сі ауылдарға жөнелтілді. Ал биыл 50 көлік беріледі. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 1 миллиард теңге бөлінді.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдарды дамытуға үлкен қаражат бөлініп, мемлекет тарапынан қолдау болып жатыр. Ауылдарымызда дәрігер жетіспеушілігі бар. Соны да былтырдан бастап біз бір миллион теңге келген дәрігерге қаржы бөлінетін еді, қазір бір дәрігерге алыс аудандарға баратындарға 8 млн теңгеге дейін, қаланың айналасындағы аудандарға 5 млн теңгеге дейін көтердік.
Осындай қолдаудың нәтижесінде былтыр облысқа 122 дәрігер келсе, биыл 102 маман Батыс Қазақстан облысына жұмысқа жолдама алған.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.