Қызылорда облысындағы туристік орындар тазаланды

Қызылорда облысындағы Қорқыт Ата мемориалдық кешені мен Қамбаш көлі қоқыстан тазаланды.

Акцияға Қармақшы және Арал ауданының бірқатар ұйымы мен мекеме ұжымдары атсалысты. Шара кезінде қоршаған ортаны қорғауға үлес қосып жүрген экобелсенділер және аудан тұрғындары марапатталды.  

Қармақшылықтар түркі әлеміне ортақ ғұлама Қорқыт ата атындағы мемориал маңайын тазалады. Олар аумағы атшаптырым жерді алып жатқан бірегей кешеннің айналасындағы қураған шөпті орып, жасыл желектің түбін қопсытты. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күрежолынан бастап ескерткішке дейінгі жаяу жүргінші жолы да мұнтаздай етіп сыпырылды. 

Гүлжауһар Раева, Қармақшы аудандық әйелдер кеңесінің төрағасы:

- Президентіміздің бастамасыменен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында елімізде көп деген жұмыс атқарылды. Тазалық бойынша Үлгілі ауданнан Қармақшы ауданы бірінші орын алып, Жосалы кенті халқы сондай өзінің қуанышты күйін кешіп жатыр.

Қоғамдық ұйымдар мен мекеме ұжымдары атсалысқан шарада аудан әкімі экологиялық акцияның маңызына тоқталып өтті. Сонымен қатар қоршаған ортаны қорғауға үлес қосып жүрген тұрғындарды алғысхатпен марапаттады.

Әбдірахман Құлдүйсенов, Қармақшы аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:

- Абаттандыру жұмыстары да қоса атқарылып жатыр. Қазір біздің Жосалы кентінде көретін болсаңыздар, бірнеше демалыс орындары дайындалды. Емін-еркін, алаңсыз демалу мүмкіндіктері қалыптасты.

Асқар Мереков, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Күн сайын әркім өзінің ауласынан бастап тазартып, тазалыққа өз үлесін қосып келе жатыр. Тазалық – ол денсаулық, тазалық – ол мәдениет.

Тазалық шарасы Арал ауданындағы Қамбаш көлін де қамтыды. Акцияға қатысушылар көл жағалауынан 5 тоннадай қоқыс жинады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев.