«Отбасы банк» «Отау» және «Наурыз» бағдарламасы бойынша қосымша қабылдау жүргізеді

«Отбасы банк» салымшылары үшін жағымды жаңалық. «Отау» және «Наурыз» бағдарламасымен баспана алуға ниетті азаматтардың өтінішін қарау мерзімі ұзарды.

Ел бойынша 16 қыркүйектен бастап 25 қыркүйекке дейін қосымша қабылдау жүргізіледі. Қатысуға өтінімді otbasybank.kz порталында беруге болады. Қаржы ұйымының мамандары аймақтарда түсіндірме жұмыстарын өткізуді бастап кетті. Кезекті шара Жаңаөзенде өтті.

«Отбасы банк» «Отау» және «Наурыз» бағдарламасындағы шарттарын бір жүйеге келтірді. Енді салымды жинақтау мерзіміне шектеу қойылмайды. Бағдарламаға қатысуға дейін депозит ашуға рұқсат. Баспана алудың несие мөлшері де ұлғайды. Астана, Алматыда 36 млн теңге, өңірлерде 30 млн теңгеге дейін өтінім беруге болады. Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепте тұрған азаматтар үшін жылдық тұрғын үй сыйақы мөлшерлемесі 7%-ке дейін төмендетілді. Жалпы халыққа кредит бойынша жылдық тұрғын үй сыйақы мөлшерлеме – 9%.

Медет Әбуғалиев, «Отбасы банк» АҚ филиал директоры:

- Банкке келмей-ақ, онлайн үйде отырып, otbasybank.kz баспана маркет арқылы өтінім бере аласыз. Бұл жерде ұпай беріледі. Салымда әрбір мың теңгеге 1 балл беріледі. Кезекте тұрсаңыз 10 балл беріледі. Бұл бағдарлама 8 жыл бойы болады. Егер де осы «набордан» өте алмай қалсаңыз, келер жылдан ақпан айынан бастау керек. 5 жыл өз атыңызда, отбасыңыздың атында үй болмауы керек.

Қаржы ұйымы Жаңаөзенде салтанатты шара ұйымдастырып, түсіндірме жұмысын жүргізді. Ырысты Өміржанова – «Отбасы банк» арқылы төмен пайызбен баспана сатып алғандардың бірі.

Ырысты Өміржанова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- «Отбасы банктің» 2020 жылдан бері салымшысы болып келемін. «Наурыз» бағдарламасы болатынын естіп, соған қатысып, қуаныштымын бүгін, міне, үйлі болып жатырмын. 3 бөлмелі пәтер – ол біздің көптен күткен қуанышымыз.

Қазір ел бойынша 2000-ден астам отбасы «Наурыз» бағдарламасы арқылы баспаналы болды. 1768 адам «Отау» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.