Көкшетаулықтар көптен күткен ЖЭО құрылысы басталады
Көкшетауда жылу электр орталығы бой көтеретін құрылыс алаңы дайындалып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қазір аумақта геодезиялық зерттеу және жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша нысан 2028 жылы қолданысқа берілуі тиіс.
Көкшетаулықтар көптен күткен жылу электр орталығы қала іргесіндегі дәл осы жерде салынады. Қазір мұнда топырақты зерттеу жұмыстары басталып кетті. Ірі нысан пайдалануға берілген кезде қала тұрғындарының жылуға деген сұранысын толық қамтиды.
Аңсар Айдаров, «Самұрық-Энерго» АҚ инвестициялар жөніндегі бас директоры:
- Бүгінгі таңда біз құрылыс алаңын жобалау және дайындауға қажетті бастапқы деректерді алдық. Жобаны іске асыру шеңберінде облыс әкімдігімен бірлесіп сыртқы инфрақұрылым құрылысын да қамтамасыз ету қажет. Атап айтқанда, бұл сумен қамтамасыз ету, электр қуатын беру, көмірді жеткізуге арналған кірме және темір жол объектілерін салу жұмыстары. ЖЭО шамамен 240 МВт электр қуатын және 520 Гкал жылу қуатын өндіретін болады. Бұл қуат көлемі Көкшетау қаласының жылу қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді.
Жылу электр орталығына қажетті негізгі отын Екібастұз көмір бассейнінен алынатын болады. Ал, болашақта станцияны газға ауыстыру мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Әнуар Күмпекеев, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі:
- Қазіргі таңда Көкшетау қаласында жылу жағынан, электр қуаты жағынан жетіспеушілік байқалуда. Сондықтан жылу электр орталығын салу маңызды. Ақмола облысы әкімдігі тарапынан осы жобаға жан-жақты қолдау көрсетудеміз. Бүкіл техникалық сипаттамалық жағынан 168 гектар жер телімі берілді.
Жылу электр орталығының құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асады. Орталықта 300-ге жуық жаңа жұмыс орны болады деп жоспарланып отыр. Бірегей жоба Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы келісімге сай жүзеге асырылып жатыр.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко