Жамбыл облысында есірткі қылмысы 16%-ке төмендеді

Жамбыл облысында жабайы қарасора алқаптарының жаңа картасы жасалды, деп хабарлайды 24kz.

Оған жүргізілген зерттеулердің деректері енгізілді. Қарасора алқаптары 2 есе азайған. Жабайы қарасора мен синтетикалық есірткінің таралуын болдырмау, және бақылау үшін «Есірткісіз болашақ» жобасы жұмыс істеп тұр. Осының нәтижесінде өңір прокурорлары есірткі қылмысын 16%-ға төмендетті.

Бұл кадрларда есірткі заттарын аса ірі көлемде сатпақ болды деп күдікке ілінген үш ер адамды ұстау сәті бейнеленген. Тінту кезінде олардан 2 келі 800 грамм синтетикалық есірткі және 280 килограмм марихуана тәркіленді.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл үшін өңірдің құқық қорғау органдары «Есірткісіз болашақ» жобасын әзірледі. Облыстық прокуратура басқармасының прокуроры Асқар Сейдалиевтің айтуынша, оның оң нәтижесі бар.

Асқар Сейдалиев, Жамбыл облысы прокуратурасы I басқармасының прокуроры:

- Ағымдағы жылы есірткі қылмыстары 16%-ке, оның ішінде заңсыз сақтау 21%-ке төмендеді. Жоба аясында заңсыз айналымнан 5,4 кг синтетикалық есірткі және 6 тонна қарасора тұқымдасы алынды. Былтыр іске қосылған «Narco Shekteu Taraz» Telegram-боты арқылы есірткіні сатумен айналысатын мың жарымға жуық аккаунт бұғатталды.

Жалпы есірткіні елдің басқа өңірлеріне тасымалдау 38%-ке төмендеді. Сонымен қатар құрамында есірткі бар өсімдіктермен күрес белсенді жүргізілуде. Бұл туралы облыстық прокуратура басқармасының аға прокуроры Ермек Манапов айтты.

Ермек Манапов, Жамбыл облысы прокуратурасы I басқармасының аға прокуроры:

- Спутникалық Narco ғарыш сервисына сәйкес қарасора өсімдігі алқаптарының 2 есе, яғни 138 мың гектардан 62 мың гектарға дейін азайғаны расталды. Осылайша, қарасора өсетін әр учаскені және жер пайдаланушылардың нақты координаттары анықталды. Бұл 1200 га аумақтан мың тоннадан астам жабайы қарасораны жоюға мүмкіндік берді.

Бас прокуратураның «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында есірткіні жарнамалағаны үшін сотқа дейінгі 20 тергеу басталды. Жыл басынан бері прокурорлар полицейлермен бірге қоршаулар мен нысандардан 250-ден астам граффитиді өшірді.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Анастасия Сулейманова