Сәтбаевта жас кәсіпкерлерге қала әкімінің гранты табысталды

Сәтбаев қаласында «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында жас кәсіпкерлерге қала әкімінің гранты табысталды, деп хабарлайды 24kz.

Ғылым, мәдениет, ақпарат салалары бойынша ең үздік стартап жобаларға 3 млн теңгеден берілді. Кәсіп бастағысы келетін немесе өз бизнесін дамытуға ниетті жастарды қолдауға арналған байқау биыл Қала күні қарсаңында ұйымдастырылды.

Жыл сайын дәстүрге айналған қала әкімінің грантына биыл 48 үміткер өтініш білдірген. Солардың арасынан арнайы комиссия үздік 10 жобаны таңдап алды.  Жеңімпаздар қатарында мектеп оқушысы да бар. 3 млн теңге грант иегері Ескендір Жүгінісов лазермен түрлі кәдесыйлар мен бұйымдар жасайтын цех ашпақшы.

Ескендір Жүгінісов, жас кәсіпкер:

- Осы грант маған өте үлкен қадам болады. Өте қуаныштымын осы грантты алғаныма. Бұл грантқа үлкен станок алам, маркировщик алам және ноутбук алам. Кәсібімді жалғастыру үшін қасыма адамдар алам.

Биылғы жобаның басты ерекшелігі – 14 жасқа толған жасөспірімдердің қатысуы және қаржыландыру көлемі 2 есеге артты. Ғылым, мәдениет, ақпараттық технология, бизнес және медиа салалары бойынша әр жеңімпазға 3 млн теңгеден берілді.

Мұрат Бөрібаев, Сәтбаев қаласының әкімі:

- Көптеген жобаларды көрдік, біразы көңілімізден шықты. Жобалардың барлығы жоба үшін емес, халыққа, жерлестерімізге, жастарға, ата-аналарымызға қажеттілігі бар жобаларды көрдік. Әрине, бастаған істеріңізге үлкен сәттілік тілейміз. Біздің Сәтбаев қаламыздың экономикасына үлес қосады деген ойдамыз.

Грант иегерлері алдағы бір жыл ішінде кәсібін бастап кетуі тиіс. Жобаның негізгі шарты осы. Оған дейін жауапты мамандардың бақылауында болады. Үздік жобалар сәтті жүзеге асса, 50-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев