Nazarbayev University-де «Ашық есік күні» өтті
Назарбаев Университетінде «Ашық есік күні» шарасы өткізілді, деп хабарлайды 24kz.
Оған қатысуға 13 мыңнан астам адам ниет білдірген. Оқушылар, студенттер мен педагогтар, іргелі білім ордасының бағдарламасымен танысып, аудиторияларын, зертхана мен кітапханаларын аралады.
NU-де білім алуды қалайтын жастардың қатары қалың. «Ашық есік күні» шарасы осыны аңғартты. Жан-жақтан келген жастар білім бағдарламасына үңіліп, мамандардан кеңес алды. Соның ішінде оқуға қабылдауға қойылатын жаңа критерийлермен жақын танысты. Орталық Азиядағы көшбасшы университетте қазір 8 мыңға жуық студент оқып жатыр.
Илесанми Адесида, NU провосты:
- NU әлемдегі үздік университеттердің 30%-і қатарына кіреді. Ұлыбритания, АҚШ, Малайзия, Сингапур және Қытайдағы университеттермен серіктеспіз. Бізде 60 елдің профессорлары жұмыс істейді. 34 елден студенттер келіп оқиды. Олар сапалы білім алып қоймай, өз бастамаларын дамыта алады. Мұнда оқуды армандайтын жастарға барлығын көрсетіп, таныстыруды дәстүрге айналдырдық.
Жаңа оқу жылында университетке 16 елден тағы 34 тәжірибелі оқытушы қабылданды. Білім ордасында смарт жүйелер, медицина, энергетика, табиғи ресурс, тау-кен салалары бойынша 300-ден астам ғылыми жоба жүзеге асырылып жатыр. Шара барысында соның бірқатары көрмеге қойылды.
Ғалымжан Айтқазин, NU түлегі:
- Университет көптеген программалар, стартаптар, бәріне қолдау көрсетеді. Сол себепті бұл Қазақстандағы ең қызық жобалардың бірі деп санаймын өзім экономист ретінде. Бұл Қазақстандағы адам капиталын дамыту бойынша үлкен үлес қосатын жоба. Мен осы университетте оқығаныма өте қуаныштымын.
Іргелі оқу орны ашылғалы 10 мыңнан астам маман даярланған. Түлектердің 90%-і Қазақстанда жұмыс істеп, елдің дамуына үлес қосып жатыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Марат Диқанбаев